Қазақстандағы ең ірі гранит зауытын нөлден қалай салуға болады: Шолпан Әбдіхалықованың тәжірибесі

4719
Фотосурет: Шолпан Әбдіхалықованың жеке мұрағатынан

City Stone гранит зауытының президенті Шолпан Әбдіхалықова «ерлерге тән» индустрияда өз орнын табу тәжірибесімен бөліседі, басқару қиындықтары, жолдағы қателіктер, міндеттерді бөлу мен табандылықтың маңыздылығы туралы әңгімелейді.

@citystonekz гранит зауытының президенті Шолпан Әбдіхалықова.

Өзім жайлы

Мен кәсіпкермін және өндіріс саласында жұмыс істеймін. City Stone компаниясын дамытып жатырмын - бұл Қазақстандағы алғашқы ірі гранит зауыты.

Екінші міндетім - төрт баланың анасы болу. Сонымен қатар мен психолог және қаржыгермін.

Барлығы қалай басталды

Мен ұзақ уақыт банк саласында жұмыс істедім, клиенттердің қаржысын басқардым. Кейіннен AlmaTV компаниясына жоғары лауазымға ауыстым, сол жерде сату жоспарларының қалай құрылатынын және сандардың қайдан келетінін білдім. Атқарушы және басқарушы қызметтің мәні неде екенін көріп, сол міндеттерді өзім де атқара алатынымды түсіндім.

Үлкен зауыт салуды жоспарлаған жоқпын. Бұл идеяға мені жолдасым шабыттандырды - ол бұрыннан кәсіпкерлікпен айналысады, өзінің тас өңдеу цехы бар еді. 2018 жылы ол маған мемлекет кәсіпкерлерге жер учаскелерін бөліп жатқанын айтып, осы салада өзімді сынап көруді ұсынды.

Мен қажетті құжаттарды зерттеп, жинап, индустриалды аймақтан жер учаскесін алу үшін өтініш тапсырдым. Жоба қорғауына дайындық кезеңі әлі есімде: қабылдау бөлмесінде көптеген ер адамдар серіктестерімен бірге күтіп отырды, ал мен жалғыз болдым. Дегенмен, жобаны сенімді түрде таныстырып, бір гектар жерді жалға алдым. Алдымен учаске бір жылға беріледі, кейін құрылыс аяқталғаннан кейін жалға алу мерзімі 40 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Бастапқыда біз цехты индустриалды аймаққа көшіруді жоспарладық, себебі жалдау құны айтарлықтай қымбат еді. Мен бұл істе жолдасыма көмектестім, содан соң негізгі қызметімнен декреттік демалысқа шығып, толығымен City Stone-ға ауыстым. Уақыт өте келе салаға тереңірек үңіле бастадым. Бір сәтте біз толыққанды зауыт салуға шешім қабылдадық. Жолдасыммен бірге Өзбекстан мен Қырғызстандағы зауыттарды аралап, Қазақстандағы гранит кен орындарын зерттедік, жабдықтарды көру үшін Қытайға бардық. Гранитті өндіру мен өңдеу қанша тұратынын есептеп, оның тиімді екенін түсіндік.

2019 жылы жер учаскесін алып, жабдықты жеткізгеннен кейін, өндірістік желіні таңдап, зауытқа қандай ғимарат қажет екенін анықтадық.

Қаржыландыру мүмкіндіктерін зерттеп, Алматы әкімдігі жанындағы Almaty Finance мемлекеттік бағдарламасына жүгіндік, ол өндірістік кәсіпорындарға жеңілдікті шарттармен қаржыландыру ұсынады. Осы процестен өтіп, біз сәтті түрде қаражат алдық.

Қосымша, жер учаскесін жеке меншікке рәсімдеуге болатынын білдік, ол үшін Әділет министрлігімен инвестициялық келісімшарт жасау қажет. Осы келісімшарт арқылы Алматыдағы индустриалды аймақтан табиғи грант ретінде жер учаскесін алдық. Бүгінгі таңда біз – осы аумақта жер телімін жеке меншікке иемденген жалғыз компаниямыз.

Бейтаныс салаға кіру қиын болды. Өндіріс – бұл мүлде басқа іс, әсіресе жеке қаражатпен жұмыс істегенде. Барлық тәуекелдер өз мойныңда, себебі біз бизнесті күйеуім екеуіміз, демеушілер мен инвесторларсыз бастадық. Күйеуім жабдықтарды орнату және олардың жұмысы секілді техникалық аспектілерге жауап береді, ал мен қаржы мен дағдарыстық басқарумен айналысамын. Қиындықтарға қарамастан, жайлы аймағымнан шығып, жаңа нәрсені жасауда керемет тәжірибе жинадым.

Артықшылықтар мен кемшіліктер туралы

Біз кездескен басты қиындықтар қаржы мәселесіне қатысты болды. Алғашында біз тек құрылысқа қаржы құйып, табыс таппай жүрдік. Құрылысты тоқтату немесе қаржыландыру іздеуді жалғастыру таңдауына тап болдық. Бұл расында да қиын болды.

Екінші қиындық – жұбайыммен бірге отбасылық бизнесті қалай дұрыс құру керектігін түсіну. Жай ғана пәтер жөндеу барысында да келіспеушіліктер туындауы мүмкін, ал бізде 3300 шаршы метрлік зауыт бар. Кейде ымыраға келіп, бір-бірімізге жол беруге тура келетін. Құрылыс процесі оңай болған жоқ, бірақ біз әрдайым бір-бірімізді қолдадық және қолдап келеміз.

Отбасылық бизнес қарым-қатынасты нығайтады. Құрылыс кезінде біз қиын кезеңдерді бастан өткердік, әсіресе 2020 жылы, пандемия кезінде, барлық қаражатымыз жылжымайтын мүлік пен бизнеске салынған еді. Кейде азық-түлікке қолма-қол қаражат жетпей қалатын. Сол кезде мен жолдасыма жинақ сандықшасын ашып, сол жерден ақша алу туралы ұсыныс жасадым және бұл қиындықтарды бірге еңсеретінімізге сендірдім. Осылайша, біз одан сайын жақындай түстік.

Бизнес дамуы туралы

Біз әр күні өсіп, дамып отырамыз. Әрбір тәжірибе - сәтті болсын, сәтсіз болсын - бұл өсу. Осы бизнес саласында мен айтарлықтай ілгеріледім, жоспарлау мен бюджетті жасауға үйрендім, құрылыс туралы түсінік алдым.

Біз өз қателіктерімізден үйрендік. Мысалы, құрылыс кезінде жобада жоқ тағы бір ғимарат салуға шешім қабылдадық және оған едәуір қаражат жұмсадық, ал оны үнемдей алар едік. Қазір біз жобадан ауытқуға болмайтынын түсінеміз.

Мен өз рөлімнің қалай өзгергенін байқадым. Бұрын, жұмысшы ретінде маған ұсыныстар келетін, ал қазір мен өзім клиенттер мен қаржыландыруды іздеймін — бұл маған құнды тәжірибе береді.

Қазіргі уақытта біз Қазақстандағы ең ірі гранит өндіру зауытымыз. Біз кеспекше, қаптама тақтайша, едендер мен басқыштарды өндіреміз. Гранит — ұзақ уақыт қызмет ететін құрылыс материалы, ол адамдарға әдемілік пен беріктік сыйлап, жылдар бойы қызмет етеді. Әр жыл сайын жаңа мақсаттар қоямыз, өткен жылы зауыт құрылысын аяқтадық, ал биылғы жылы даму бағытында жұмыс жасаудамыз.

Біздің құрам 100% қазақстандық. Жақында «Қазақстанның үздік тауары» номинациясы бойынша Президенттің «Алтын Сапа» сыйлығын алдық.

Өндірістегі инновациялар туралы

Біз өндірісте жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізіп жатырмыз. Барлық технологияларымыз автоматтандырылған, біз қалдықсыз бизнес кезеңіне жақындадық. Мысалы, біз бастапқыда үлкен блоктарды өңдейміз, оларды қаңылтақтарға кесеміз, одан басқыштар мен тақтайшалар жасаймыз. Қалған қалдықтардан брусчатка шығарамыз. Жоспарымызда гранит қалдықтарын қиыршық тасқа өңдейтін станок орнату бар, себебі ол сапалы және әртүрлі қоспаларда қолданылады.

Сонымен қатар, біздің бизнесіміз өндірістік процессте суды қолданады. Су сүзгіден өткен соң, бассейнде гранит ұнтақтары қалады. Біз осы гранит шаңын қайта өңдейтін арнайы жабдық орнатуды жоспарлап отырмыз және, мүмкін, оны едендік стяжкалар жасау үшін қолданатын боламыз.

Команда туралы

Мен компанияның директоры қызметін атқарамын, ал күйеуім - құрылтайшы. Біз екеуіміз тең үлеспен жұмыс істейміз. Мен барлық қызметтерде жұмыс істедім, тек қана станокта жұмыс істеген жоқпын - дегенмен бүкіл процесті білемін. Біз екеуміз бастадық, кейін біртіндеп кеңейдік, алдымен бухгалтерді, кейін сатушыларды қостық.

Қазір бізде мықты команда бар, онда шамамен 50 адам жұмыс істейді. Біз Ташкенттегі ұқсас зауытпен тәжірибе алмасып отырамыз, сол жерден механиктерді тартамыз, олар станоктарды қадағалайды. Сонымен қатар, біз қытайлық компаниямен әріптестік орнаттық, олардың мамандарын техникалық қызмет көрсету және тәжірибе алмасу үшін шақырамыз. Бұл біздің қызметкерлерімізге өсу мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Келесі жылы зауыттың ресми ашылуын жоспарлап отырмыз. Өндірістік цехқа барлық қызметкерлерімізге арналған 1200 шаршы метрлік кеңсе қосылады.

Жоспарлар туралы

Жақын арада жоспарымыз - әкімшілік-басқарушылық персоналды, әсіресе маркетологтарды және сатылым мамандарын кеңейту, B2C секторын тестілеу. Биыл біз алғашқы тестілерді өткіздік және болашақта даму үшін жақсы перспективаларды көреміз.

Сонымен қатар, біз орнату қызметін қосуды жоспарлап отырмыз: біздің өнімімізді монтаждайтын мамандарды жалдаймыз. Қазіргі уақытта біз тек материалдарды өндіру және жеткізумен айналысамыз, бірақ толық циклді қызметтер көрсетудің әлеуеті жоғары екенін көріп отырмыз.

Біз мемлекеттен қаржыландыру мен учаске түрінде қолдау алдық. Бұл оңай емес - процесс екі жылға созылды, бірақ табандылықпен бәріне қол жеткізуге болады. Келесі жылы мен басқа мемлекеттік бағдарламаға - «Даму» бағдарламасына қатысуды жоспарлап отырмын.

Стереотиптер мен қиындықтар туралы

Мен жиі стереотиптермен кездесемін. Мысалы, әр жылы Астанада тас шеберлерінің қауымдастығы жиналады, мен сол жерде жалғыз әйелмін. Бұл менің әріптестерімді таңқалдырады, себебі тас өндірісі дәстүрлі түрде «еркектердің» ісі болып саналады. Бұл телекоммуникация саласында да болды - мен ерлер арасында басқарушы қызметте жалғыз қыз болдым. Қазір мен әйелдердің ауыр өндіріс саласында жұмыс істей алмайтыны туралы стереотипті бұзуға тырысамын.

Отбасы мен мансап арасында таңдау қажеттілігі туралы стереотиптер де сирек емес. Зауыт салынып жатқан кезде мен үш бала дұниеге әкелдім және әр жолы өзіме тек 40 күндік қашықтан жұмыс істеуге рұқсат бердім, содан кейін мен қайтадан қызметке оралдым. Біз әйелдер еркектерден еш кем түспейміз.

Жұмыста және жеке өмірде маған істерді табыстау мүмкіндігі көмектеседі. Менің уақытым кәсіби салада тиімдірек екенін түсініп, үй жұмыстарының бір бөлігін мамандарға тапсырамын. Қарым-қатынас, мінез және жинақталған тәжірибе де маңызды.

Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге ұсынымдар

Төзімді болыңыздар. Табыстыққа жетпей, күресуден бас тартпаңыздар және табандылық танытыңыздар. Кәсіпкер болу қиын, әсіресе өндіріспен айналысатындарға. Алғашқы кезеңдер өте қиын болуы мүмкін - жабдыққа жұмсалатын қаражат пен адамдарды басқару арасында тепе-теңдікті табу үшін күш-жігер қажет болады. Форс-мажорлық жағдайлар, қаржыландыру мәселелері - бұның бәрі орын алатын сынақтар, бірақ оларды жеңу керек, жарты жолдан кері кетуге болмайды. Негізгі кеңес — табандылық, еңбекқорлық және  қиындықтарға қарамастан жоспармен жүру.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -