Алматыда генерал-майор Мендалиев Аманкелді Шайхыұлын еске алуға арналған Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ардагерлері арасында скандинавиялық жүруден жарыс өтті.
Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің 2024 жылдың негізгі жоспарына сәйкес, салауатты өмір салтын насихаттау және ардагерлерге көңіл бөлу шараларын түрлендіру мақсатында Алматының ботаникалық бағында генерал-майор Мендалиев Аманкелді Шайхыұлын еске алуға арналған скандинавиялық жүруден жарыс өткізілді. Жарысты ұйымдастырушылар – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы және аталған қолбасшылықтың ардагерлер кеңесі жарыстың сапалы да қызықты өтуіне барын салды.
Скандинавиялық жүруден жарыс өтетіні туралы хабарландыруды жариялаған күннен бастап, ардагерлеріміз қатысуға ниет білдіріп, дайындыққа кірісіп кетті.
Жарысқа қатысушылар 70 жасқа дейін және 70 жастан асқан ардагерлер болып екі топқа бөлінді. 70 жастан асқан ардагерлеріміз 3 шақырымдық қашықтықты, 70 жасқа дейінгі ардагерлеріміз 6 шақырымдық қашықтықты игеру керек болды. Жарысқа ардагер қыздарымыз Галина Майндурова мен Айнакүл Қожымованың және Астана қаласынан арнайы келген полковник Мұрат Қарагуйшиевтің қатысуы іс-шараны қызықты ете түсті.
Скандинавиялық жүруге қатысушы ардагерлеріміз бір-біріне лайықты қарсылас бола білді. Жанкүйерлер қатарында да ардагерлеріміздің қарасы көп болды.
5571 әскери бөлімінің спорт және дене шынықтыру бастығы аға лейтенант Давронбек Турсунов ардагерлерімізді сапқа тұрғызып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасына баяндап, Мемлекеттік Әнұранды айтып болған соң, полковник Исмаил Абизов, полковник Ғабдулхак Хабибуллин, полковник Еркеш Кұлбаев, полковник Аман Акылов генерал-майор Мендалиев Аманкелді Шайхыұлын еске алып, өмірбаянын, қызметтегі жолын, Карабах шекарасындағы ерлік істерін айтып өтті. Бұдан кейін ардагерлеріміз реттік нөмірлерін алып, дене қыздыру жаттығуларына кірісіп кетті.
5571 әскери бөлімінің спорт және дене шынықтыру бастығы аға лейтенант Давронбек Турсуновтың пәрмен беруімен сөреде тұрған ардагер спортшылар доданы бастап кетті. Ә дегеннен ақсақалымыз Магамед Гамзатович топтың алдына түсіп, жарысқа жай келмегенін байқатты. Жарысқа қатысушылар 1,5 шақырым қашықтықты бағындырғанда, Магамед ағамыз 150 метрдей топтан ұзап кетті. Союзжол Жұманов, Аман Ақылов, Еркеш Құлбаев ағаларымыз үштікте боламын деген сеніммен жүрістерінен жаңылмай, ширақ қимылдады.
Магамед ағамыз сол сөреден мәреге дейін жеңісті ешкімге бермеді. Екінші, үшінші болып Союзжол және Еркеш ағаларымыз келсе, Аман ағамыз төртінші орынға табан тіреді. Айта кететін жайт полковник Союзжол Жұманов 3 шақырымдық және 6 шақырымдық қашықтықта да бақ сынады. 3 шақырымдық қашықтықта екінші орын алса, 6 шақырымдық қашықтықта алдына жан салмай, бірінші келді. 6 шақырымдық қашықтықта мәре сызығын екінші болып 3656 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Байбақтиев аяқтаса, 5571 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Алмағанбетов алғашқы үштікте болды.
Осылайша ардагерлер арасында өткізілген скандинавиялық жүруден сайыс тартысты да, қызықты өтті.Жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының кубоктарымен, дипломдармен марапаталды. Полковник Исмаил Абизов «Спорт адамы» номинациясында үздік деп танылса, полковник Мұрат Қарагуйшиев «Ең көп жүретін адам» номинациясын жеңіп алды. Осы жарыста үздік шыққан полковник Магамед Майндуров ақсақалымыз «Скандинавиялық жүрудің акуласы» номинациясында бір ауыздан жеңімпаз деп танылды. Жарыс соңында ардагерлеріміз генерал-майор Мендалиев Аманкелді Шайхыұлының бейіт басына барып, құран бағыштады.
Осы жарыстың жоғарғы деңгейде өтуіне көп үлес қосқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына, 5571 әскери бөлім ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Алмағанбетовке және 5571 әскери бөлімнің қолбасшылығына айтар алғысымыз шексіз.
Запастағы полковник Асатулла ҚҰЛАХМЕДОВ, «Оңтүстік» өңірлік Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Алматы қаласы