8404
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Амансыз ба, анашым?! Жағдайыңыз жақсы ма? Мен ғой ұлыңыз Ерсұлтан, сізге Өскеменнен ыстық сәлем жолдаймын.

Әкем, бауырларым қалай? Жұмыстан шаршап жүрген жоқсыздар ма? Қыстың қамына дайынсыздар ма? Қарындасым Айарудың қалы қалай? Сабағы төмендеп кетпесе екен. Әсіресе, бейнелеу өнерін қадағалап қойсаңыздар. Қарап жүрген шығарсыздар?

Ауылдағы көршілер аман ба? Бәріне менен дұғай сәлем айтыңыз. Ұлыңызда бәрі жақсы. Денсаулығым қалыпты, тамағым уақытылы. Қызметім ойдағыдай. Мен қаланың қоғамдық тәртіп күзетінде өз борышымды адал орындауға тырысып жүрмін. Бізге бұл жерде нағыз ел қорғаны болуға бойымызда қырағылық пен сақтықты дамытып, білімімізді арттыру үшін дайындықтар жүргізіледі. Әскерге келгелі жалқаулық пен еркелікті тастап, дене шынықтырып, спортқа қайта бет бұрдым. Бос уақытым бола қалса кітап оқып, өлең жазуға машықтанып жүрмін. Бұған бөлімнің қазақ тілін жүргізетін Айжан апайымыздың үлесі тиіп жатыр. Ол кісі тіліміздің қолданыс аясын кеңейту мақсатында демалыс күндері әр түрлі танымдық сайыстар мен іс-шаралар өткізеді. Тәрбиеші аға – әпкелердің назары біздің демалыс күніміздің қызықты және пайдалы өтуінде. Өлең жазу өнерім болса сіздерге деген сағыныштан ашылған сияқты. Сіздерге айтарым өте көп, барлығын бір хатқа  сыйдыра алар емеспін. Дегенмен, хат жазуды да әдетке айналдырдым.

Жалпы айтқанда, үйреніп, біліп жатқаным өте көп. Әскер – өмір мектебі деген дұрыс сөз екен. Енді, ерке ұлыңыз сізді ешқашан жерге қаратпайды. Алла қаласа, Отан алдындағы борышымды өтеп, нағыз есейген, ержігіт ұлдарыңыз болып ораламын. Ол күн де алыс емес, ал енді сізге арнап жазған өлең шумағымды  қабыл алыңыз.

Рахмет сізге анашым, өмір сыйлағаныңыз үшін.

Рахмет сізге анашым, аяулы алақаныңыз үшін.

Рахмет сізге анашым, маған шексіз сенгеніңіз үшін.

Сеніп тұрып ішіңізден, Аллаға тәубе  еткеніңіз үшін.

Рахмет сізге анашым, балалық шағым үшін.

Балалығымды көтеріп, бетімді бір қақпағаныңыз үшін.

Рахмет сізге анашым, мені сағынығаныңыз үшін.

Балам жүр деп әскерде, кірпік қақпағаныңыз үшін.

Рахмет сізге анашым, уайымдағаныңыз үшін.

Мен үшін дәмді тағам дайындағаныңыз үшін.

Ақтаймын Ана сүтін, ерлердің жолын жалғау үшін

Қанатты кең жайдым Отанымды қорғау үшін.

Ерсұлтан Өмірзақ

5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -