Қазақстан отандық дәрі дәрмек шығаруды 124 млрд теңгеге арттырды

7513
Фотосурет: freepik

Елімізде отандық фармацевтикалық өнім өндіру көлемі 124 млрд теңгеге дейін артты, деп хабарлайды DKnews.kz.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

UKIMET

Ол биыл жалпы амбулаториялық және стационарлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 474 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 26,7 млрд теңге қаржы жұмсалғанын айтты. Амбулаториялық деңгейде 251 млрд теңгеге 3,5 млн науқас 120 нозология бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Ауыл тұрғындарының дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдар базасында 172 дәріхана және 694 жеке дәріхана, сондай-ақ 15 жылжымалы дәріхана пункттері ұйымдастырылған. 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің халықты дәрілік заттармен қамтамасыз етудегі міндеттеріне:  

  • Қауіпсіз және сапалы дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету; 

  • Сатып алу жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын орнату; 

  • Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналым процестерін цифрландыру; 

  • Фармацевтика өнеркәсібін дамыту жатады.

«Елімізде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға зертханалық сараптама жасау бойынша 3 зертхана жұмыс істейді. Қазіргі уақытта, елімізде 6 891 түрлі дәрілік зат пен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 13 мыңнан аса түрі тіркелген. Бұл зертханаларда дәрілік заттардың сапасына, қауіпсіздігіне және тиімділігіне сараптама жүргізіледі» Ақмарал Әлназарова

Сараптама қорытындысы бойынша дәрілік заттардың қойылған талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты жыл басынан бері нарыққа 145 дәрілік зат немесе берілген өтінімдердің 2,6%-ы енгізілмеген. 

Министрдің мәлімдеуінше, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР-да дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау енгізілген. Бұл дәрілік заттардың заңсыз айналымын анықтап, олардың қолданысқа өтуіне бөгет болады. 

«Қазіргі уақытта, 68,6 млн-нан астам дәрілік заттардың қаптамасы таңбаланып, оның 28 млн-нан астамы айналымға енгізілді. Бұл жұмысқа отандық дәрі-дәрмек өндірушілер, тасымалдаушылар, жеке айналымдағы дәріханалар мен 1 784 медициналық ұйымдар қатысуда. Бұл өз кезегінде, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМКК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде дәрілік заттардың толық айналымын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» Ақмарал Әлназарова

Оның айтуынша, науқастардың стационарлық деңгейдегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға сәйкес, орталықтандырылған және дербес сатып алу арқылы жүзеге асырылады. Биыл орталықтандырылған сатып алу көлемі 241 млрд теңгені құраған.

Стационарлық деңгейде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды өздігінен сатып алу процестері қағаз жүзінде жүргізілетіндіктен олардың шығындарына талдау жүргізу мүмкін емес. 

«Сондықтан 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында медициналық ұйымдардың дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар сатып алуы Қаржы министрлігінің Электронды қаржыландыру орталығының веб-порталында жүзеге асырылады» Ақмарал Әлназарова

Биыл Бірыңғай дистрибьютордың 2025 жылға арналған сатып алу науқанының мерзімінен 2 ай бұрын басталуына орай, 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін «СК-Фармация» қоймаларына дәрілік заттар жеткізілді. 

Амбулаториялық дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында, 2025 жылдан бастап халықаралық тәжірибелер негізінде пациентке бағдарланған және дербестендірілген тәсілді көздейтін тізімді қалыптастыру әдістемесіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Ауруханалық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз ету процестерінің қауіпсіздігі мен сапасын ұтымды пайдалану үшін госпиталды фармация бөлімшелері ашылуда. Олардың негізгі міндеті – дәрілік заттардың дербестендірілген есебін жүргізу. Бұл медициналық ұйымдарда дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жұмсалатын қаражаттың 30% дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. 

Мәселен, Астана қаласының «№ 2 қалалық көпсалалы ауруханасында» госпиталды фармация бөлімшесі ашылып, жүргізілген жұмысының нәтижесінде 2024 жылы 456 млн теңге үнемделді. Жыл соңына дейін 75 госпиталды фармация бөлімшелерінің ашылуы көзделсе, 2026 жылдың соңына дейін олардың саны 291 жетеді. 

«Дәрілік заттарды ашық пайдалану үшін биыл «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрілік заттарды электронды түрде беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жобаға 713-ден астам медициналық ұйым қатысуда, яғни, амбулаторлық дәрілік заттармен қамтамасыз ететін барлық ұйымның 91%-ы. Қазіргі таңда, аталған жоба арқылы 233 мыңнан астам рецепт ұсынылды, яғни әрбір төртінші рецепт осы қызмет арқылы беріледі. Қазақстанның фармацевтикалық өнеркәсібі 207 өндірушіні қамтиды, оның 43-і дәрілік заттар өндіруші. 2024 жылы отандық фармацевтикалық өнімдер өндіру көлемі 124,8 млрд теңгеге артып, өсім 18%-ды құрады» Ақмарал Әлназарова

Министрдің мәлімдеуінше, мемлекет тарапынан отандық өндірушілерді қолдау мақсатында 2024 жылы ұзақмерзімді 47  келісімшарт бойынша фармацевтикалық өнімнің 702 түрі сатып алынды. Осы жұмысты одан әрі жалғастыру мақсатында 2025 жылы ұзақмерзімді 79 келісімшарт жасасып, өндіріс көлемін 1 728 дейін арттыру жоспарланып отыр.  

Шетелдік, алпауыт (BIGPHARMA) фармацевтика компанияларымен өндіріс бойынша инвестициялық жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдан бастап импортты алмастыру жұмыстарын жалғастыру шеңберінде инвестициялық штабқа мемлекеттік қолдау шараларының ерекше талабы бар арнайы инвестициялық келісімшарттардың тізбесі ұсынылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -