Ақмола облысында өңірлік кадр резерві мүшелерін лауазымдарға тағайындау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 22 тамызында облыстық кадр комиссиясының шешімімен Өңірлік кадр резервіне 25 адам іріктелді. Резервшілер жергілікті атқарушы органдарда сайланатын лауазымдарды қоспағанда, 2 жыл ішінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Осылайша, өңірлік кадр резервінің мүшесі Теміртаев Тамерлан Советұлы Ақмола облысы Шортанды ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.
Тамерлан Теміртаев 2018 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша, 2020 жылы Еуразия гуманитарлық институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді. Биылғы жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясынан мемлекеттік және жергілікті басқару бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алды.
Еңбек жолын жеке секторда тәжірибе жинақтаудан бастаған. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін 2019 жылы Ақмола облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы лауазымынан бастап, Астана қаласының білім басқармасында жалғастырған.
Осыған дейін Астана қаласы білім басқармасының экономика және жоспарлау бөлімінің басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.
Өңірлік кадр резервінің тағы бір мүшесі - Абулғазин Альнур Рүстемұлы Ақмола облысының әкімі аппаратының экономика мәселелері жөніндегі бас инспекторы лауазымына тағайындалды.
Альнур Абулғазин 2019 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірді. 2022 жылы осы университетте «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» дәрежесін алды.
Еңбек жолын жеке секторда ассистент, қаржылық талдаушы ретінде тәжірибе жинақтаудан бастаған.
Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін 2021 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінде сарапшы лауазымынан бастап, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде бас сарапшы ретінде жалғастырған.
Осы күнге дейін Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өнеркәсіп бөлімінің басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.
Өңірлік кадр резервінің келесі мүшесі - Жақсыгельдинова Әйгерім Темерболатқызы Ақмола облысы әкімі аппаратының ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі бас маманы лауазымына тағайындалды.
Әйгерім Темерболатқызы 2015 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Аграрлық техника және технология» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Ақмола облысы Жарқайың ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінде агроном-тұқым өсіруші лауазымынан бастаған.
Өз мамандығы бойынша жеке секторда, атап айтқанда «Қазақстан аграрлық сараптамасы»акционерлік қоғамының облыстық филиалында, «ЗерноАгроЭксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тәжірибе жинақтаған.
Осы тағайындауға дейін Жарқайың ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінде бас маман лауазымында қызмет атқарып келді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілевтің айтуынша, осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында Департамент облыс, аудан, қала әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, тұрақты негізде кадр қажеттілігіне талдау жүргізуде. Бүгінгі таңда Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарында бос лауазымдардың үлесі 10,6% құрайды.