Kazakh Tourism «Үздік туристік ауыл – 2025» байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау басталғаны туралы хабарлайды. Жоба тұрақты туризмді дамытуға, мәдени мұра мен дәстүрлерді сақтауға және Қазақстандағы ауылдық жерлердің экономикалық өсуіне жәрдемдесуге бағытталған.
Байқауға қатысуға өтінімдер 2024 жылдың 30 желтоқсанына дейін қабылданады. Оған облыс әкімдіктері өңірдегі үш ауылды ұсына алады.
«Біз мәдениетке бай, дәстүр мен қолөнерді сақтаған, бірегей табиғи ландшафттары бар ауылдық аумақтарды анықтауға және ілгерілетуге ниеттіміз. Олар жаңа бағыттар мен аутентикалық туризмді таңдаған туристер үшін тартымды болуы мүмкін. Соңғы жылдары мұндай саяхатқа деген қызығушылық артып келеді», - деп атап өтті Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басшысы Қайрат Сәдуақасов.
Байқауға қатысушыларды туризм және оған сабақтас салалардағы сарапшылардан тұратын тәуелсіз кеңес бағалайды. Ұлттық кезеңнің жеңімпаздары БҰҰ Дүниежүзілік Туристік Ұйымы (UN Tourism) өткізетін UN Tourism Best Tourism Village халықаралық байқауында Қазақстанды таныстырады.
Атап өткен жөн, 2023 жылы Алматы облысының Саты ауылы беделді «BEST Tourism Villages by UNWTO 2023» сыйлығымен марапатталды.