Астанада "Chess Class" II олимпиадасы өтті

9438
Фотосурет: KazChess

Astana IT University қабырғасында Қазақстанның әр өңірінің мектеп командаларының басын қосқан II «Chess Class» Олимпиадасы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Турнирді Freedom Broker компаниясының қолдауымен KazChess/Қазақстан Шахмат федерациясы мен «Chess Legends LTD» ЖК өткізіп жатыр.

Биылғы жылы жарысқа еліміздің 12 аймағының 35 командасына және Астана қаласының 19 командасына өкілдік ететін 174 ойыншы қатысуда. Турнирдің жүлде қоры 3 000 000 теңге, жарыс аясында швейцариялық жүйе бойынша 7 тур өтеді.

Турнирдің ашылу салтанаты басшылардың құттықтау сөзінен және KazChess пен Astana IT University арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдан басталды. Келісім студенттерге шахмат білімін беруді дамытуға және шахматты кеңінен таратуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуге бағытталған.

«Федерация мектеп оқушылары арасында шахматты дамытуға ерекше көңіл бөледі: біз бұл ойынды бастауыш сыныптарда үйрету ісін алға бастырып, жыл сайын мұғалімдерді оқытамыз және мұғалімдер мен оқушыларға арнап бүгінгідей турнирлер өткіземіз. Дәстүрге айналған Chess Class олимпиадасы адал ойынның, салауатты бәсекелестіктің, спорттық рухтың және қызықты партиялардың нышаны болады. Білім беру шахматын дамыту – әлемдік тренд және Қазақстан оның көшбасшыларының бірі болып отыр» KazChess атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова

Биылғы олимпиадаға қатысатын әр команда төрт мектеп оқушысынан және бір мұғалімнен тұрады. Қатысушылар жас санаты ескеріліп 17, 14, 12 жасқа дейінгі тақталарға бөлінген, 4-ші тақтада қыздар ойнаған. Сондай-ақ мұғалімдер 5-ші тақтада, рейтинг бойынша шектеусіз өзара жарысқан.

7 турдың қорытындысы бойынша турнир жеңімпазы және 900 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық иегері Павлодар қаласының №29 мектебі атанды. 2-5 орындарды сәйкесінше РФМШ, NIS IB, С. Демирель атындағы мектеп-интернат-колледжі және Талғар қаласындағы Байтурсынов атындағы №7 мектеп-лицейі иеленді. Сонымен қатар, әр тақта бойынша ең үздік үш ойыншы марапатталды.

II «Chess Class» Олимпиадасы – Қазақстанның білім беру жүйесінде шахматты кеңінен таратудың ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Қазіргі уақытта KazChess бейіндік ведомстволармен және серіктестермен ынтымақтаса отырып, 550 мектепте 1-ші сыныптарға арнап «Шахмат негіздері» бағдарламасын енгізді, 42 мектепте бағдарламаны 2-ші сыныптарға енгізу жалғасып жатыр.

Арнайы әзірленген бағдарлама бойынша 700-ден астам мұғалім тегін оқып жатыр, оқу шеңберінде оларға онлайн курстар және біліктілкті арттыру курстары ұйымдастырылған. Жоғары оқу орындарымен бірге «Шахмат педагогы» minor бағдарламасы әзірленіп жатыр, ол 2025-2026 оқу жылында іске қосылады деп жоспарланған.

Сонымен қатар Федерация мен SDU University бірлесіп оқушылардың математикалық қабілетіне шахматтың әсерін зерттеуге бағытталған ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр.

Алдағы уақытта Үкімет өткен жылы қабылданған Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес KazChess мектептерде шахмат кабинеттері желісін кеңейтуді, студенттердің және мектеп оқушыларының шахмат лигаларын дамытуды, сондай-ақ мұғалімдерге арналған онлайн турнир өткізуді жоспарлап отыр.

«Chess Class» олимпиадасы шахматты жай ғана спорт емес, сонымен қатар өмір салты деп есептейтін мектеп оқушыларының зияткерлік қоғамдастығын құру жолында жасалған келесі қадам болмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -