Қазақстанда жүргізуші куәлігін оның жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін де онлайн ауыстыру мүмкіндігі енгізіледі. Жаңашылдық Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында іске асырылып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа қызмет биылғы сәуір айынан бастап eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында қолжетімді болады.
Бұрын қандай шектеулер болған
Осы уақытқа дейін жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру тек:
- қолданыстағы құжат болғанда
- құжат жоғалған немесе ұрланған жағдайда
- аты-жөні өзгерген кезде
ғана мүмкін еді.
Енді бұл қызмет мерзімі өткен куәліктерге де қолданылады.
Медициналық тексеру міндетті
Жаңашылдық жүргізуші куәлігінің барлық санатына қатысты.
Егер куәлік мерзімі өткеннен кейін ауыстырылса, жүргізуші міндетті түрде медициналық тексеруден өтуі тиіс. Бұл деректер өтінім беру кезінде мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде жүктеледі.
Ал құжат мерзімі аяқталмай тұрып ауыстырылса, медициналық тексеру талап етілмейді.
Қызмет көрсету мерзімі — 60 минут.
Қызметті қалай алуға болады
eGov.kz порталы арқылы:
- «Азаматтарға» — «Көлік және коммуникациялар» бөліміне кіру
- «Жүргізуші куәлігін алу» қызметін таңдау
- фото мен қолтаңба үлгісін жүктеу
- байланыс телефонын енгізу
- мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК)
- өтінімді растау
eGov Mobile арқылы:
- «Жүргізу және көлік» бөлімін таңдау
- фото және қолтаңба жүктеу
- ХҚКО бөлімін көрсету
- баж салығын төлеу
- өтінімді электронды қол қою
Дайын құжатты таңдаған ХҚКО-дан жеке куәлік арқылы алуға болады.
Айыппұл болса — қызмет көрсетілмейді
Жүйе өтінім беру кезінде автоматты түрде берешектерді тексереді.
Егер жүргізушінің 30 күннен астам уақыт төленбеген айыппұлы болса, ол толық өтелгенге дейін куәлікті ауыстыру мүмкін болмайды.
Қызмет толық онлайн форматқа көшеді
Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Ростислав Коняшкин бұл қызмет кезең-кезеңімен толық онлайн форматқа көшірілетінін айтты.
«Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап өтінімдерді электронды түрде беру тәсіліне басымдық беріледі. Бұл ХҚКО-ға барудан бас тартып, кезектерді азайтуға мүмкіндік береді», — деді ол.
Қызметке сұраныс жоғары
Жүргізуші куәлігін онлайн беру қызметі іске қосылғаннан бері оны 60 мыңнан астам адам пайдаланған.
Функционал Цифрлық даму министрлігі, ІІМ және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды.