Шахматтан Қазақстан Кубогының жеңімпаздары анықталды

4400
Фотосурет: KazChess

2024 жылғы Қазақстан Кубогының финалдық турнирінің жеңімпаздары 24 жасар Павлодарлық гроссмейстер Денис Махнёв және ФИДЕ туымен жарысқа қатысқан 21 жасар Екатерина Гольцева болды, деп хабарлайды DKnews.kz.

2024 жылғы 12 қарашада Алматыда 16 ер мен 16 әйелдің қатысуымен нокаут жүйесі (жеңілгендер шығып қалатын жүйе) бойынша классикалық шахматтан 2024 жылғы Қазақстан Кубогының финалдық турнирлері басталды.

Ерлер арасындағы финалға екі гроссмейстер, жақында Будапешт қаласында өткен шахмат Олимпиадасына Қазақстан құрамасында қатысқан 2021 жылғы Қазақстан чемпионы GM Денис Махнёв (2536) және 2022 жылғы Қазақстан чемпионы GM Рамазан Жалмаханов (2474) жетті.

Жартылай финалдың екеуінде де ойыншылар регламентте қарастырылған соңғы кезең – армагеддонға дейін күресті. Классика да, рапид те, блиц те жеңімпазды анықтауға мүмкіндік берген жоқ. Бірақ Рамазан Жалмаханов пен Аюш Шарма тең ойынды мүлде мойындамаса, Денис Махнёв пен Михаил Никитенко бұған керісінше барлық партияларын тең ойынмен аяқтады. Армагеддонда ғана ақ фигуралармен ойнаған, сондықтан бір артық минуты болған Махнёв пен Жалмаханов «қарсыласының жалауын құлатты» – екуінде де 4–3.

Финалда сайыс Денис Махнёвтің «сценарийі бойынша» өтті: классика мен рапид партиялары тез арада тең ойынмен аяқталды, блицтің бірінші партиясының өзінде қаралармен ойнаған Павлодар шахматшысы қарсыласын жеңді. Содан соң ақ фигуралармен ойнаған кезде күші басым болған ол екінші партияны да ұтты: есеп 4–2. 

3-ші орын үшін жартылай финалда сәтсіздікке ұшыраған GM Михаил Никитенко (Беларусь, 2490) және IM Аюш Шарма (Үндістан, 2464) бақ сынасты. Бірінші партияда ақтармен ойнаған Аюш Шарма партияның бас жағында ойлануға тым көп уақытын жұмсап, 38-ші жүріске жеткенде қатты цейтнотқа ұшырады. Соның салдарынан 40-шы жүрісте партияның тағдырын шешкен қате жіберді. 44-ші жүрісте ақтар берілді. Екінші партия да осыған ұқсас өтті, бірақ мұнда үндістандық шебердің 36-ші жүрісте жеңілгенін мойындауына тура келді. Осылайша, Минскінің 24 жасар ойыншысы үшінші орынға ие болды!

Әйелдер арасындағы екі жартыфиналда жасы да, атағы да үлкендер – 19 жасар алматылық шахматшы Лия Құрманғалиева мен 21 жасар Нижний Новгород ойынысы Екатерина Гольцева 1½–½ деген бірдей есеппен жеңіске жетті. Атап өтетіні, екі жағдайда да олар қара фигуралармен ойнап жеңді, ал бірінші партияда ақтармен ойнап тең ойынға тоқтады. Солай болғанымен, ФИДЕ шеберлері 14 жасар алматылық Елназ Қалиахмет пен 15 жасар Атырау шахматшысы Зарина Нұрғалиеваның ойынын табысты деп есептеуге болады.

Финалда да, 3-ші орын үшін өткен матчта да қарсыластар екі партия ойнады. Екатерина Гольцева (2378) басты жүлде үшін өткен матчта 2–0 деген бірдей есеппен WGM Лия Құрманғалиеваны (2324) жеңсе, WFM Зарина Нұрғалиева (2129) 3-ші орын үшін өткен матчта WFM Елназ Қалиахметтен (2108) басым түсті.

Ерлер арасындағы жеңімпаз 5 млн теңге алса, финалшыға ₸4 млн бұйырды, ал 3-ші орын үшін ₸3 млн, 4-ші орын үшін ₸1 млн табыс етіледі. Әйелдер арасында жаалған тиісті төлемдер 2,5 млн теңге болды, ₸1,7 млн, ₸700 мың және ₸500 мың. Финалдың жалпы жүлде қоры 23 млн теңге болды.

KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы 2024 жылғы Қазақстан Кубогын өткен жылғыдай бірнеше кезеңнен және финалдан тұратын үлгі бойынша өткізді. Жалпы жүлде қоры 46 млн теңге болды.

2024 жылғы Қазақстан Кубогының 1-ші кезеңі 25 мамыр - 2 маусым аралығында Ақтөбеде өткен Владимир Дворкович Мемориалы – Aktobe Open 2024 болды, онда ирандық супергроссмейстер Пархам Магсудлу (2732) бірінші орын алды. 2-ші кезең – Oskemen Open 2024 турнирінде (Өскемен, 2–10 қазан) украиндық гроссмейстер Виталий Бернадский (2530) жеңімпаз атанды. Және Кубоктың 3-ші кезеңі – Pavlodar Open 2024 турнирінде (Павлодар, 13–21 қазан) армяндық гроссмейстер Арам Акопян (2617) жеңіске жетті.

Үш кезеңнің әрқайсысы «90+30» классикалық уақыт бақылауы жасалатын швейцариялық жүйе (бір партияға 90 минут беріліп, әр жасалған жүріс үшін біріншісінен бастап 30 секунд қосылатын жүйе) бойынша 9-10 турдан тұратын турнир өтті. Әр кезеңнің қорытындысын шығарғанда ерлер мен әйелдерге ұпай беріліп, нокаут жүйесі бойынша өтетін финалға 16 қатысушыдан шықты.

Турнирдің серіктесі финалдық турнирді қабылдаған NGS мектебі (New Generation School) болды (Алматы қаласы, Ерменсай шағын ауданы, Жәңгір хан көшесі, 4). 2017 жылы негізі қаланған оқу орны жалпы ауданы 20 000 м2 астам екі білім беру кешені – NGS және NGS High School білім ордаларынан тұрады. Онда «Ақылдырақ! Күштірек! Жарқынырақ!» тұжырымдамасы шеңберінде 0-11-сыныптарда 1350 оқушы білім алады. Мұндағы «Ақылдырақ» – академиялық білім алу, «Күштірек» – оқушыларға неғұрлым мықты және сау болуына мүмкіндік беретін барлық нәрсе, ал «Жарқынырақ» дегеніміз – шығармашылық әлеуетті дамыту.

2023 жылы KazChess/ҚШФ алғаш рет 5 кезеңнен (швейцариялық жүйе бойынша) және финалдан (нокаут жүйесі бойынша) тұратын классикалық шахматтан Қазақстан Кубогын (Kazakhstan Chess Cup) өткізді. Жарыстың жүлде қоры ерлерде ₸16,2 млн, әйелдерде ₸6,8 млн болды. Ерлер арасындағы финалдың жеңімпазы болып гроссмейстер Армения ойыншысы Мануэль Петросян (₸5 млн) атанса, 2-ші орынды ирандық Бардия Данешвар (₸4 млн), 3-ші орынды Денис МАХНЁВ (₸3 млн) және 4-ші орынды Мұртас ҚАЖЫҒАЛИЕВ (₸1 млн) иеленді. Әйелдер арасында Кубокты әйелдер арасындағы халықаралқ шебер Алуа НҰРМАН (₸2,5 млн) жеңіп алды, 2-ші орынды Зарина НҰРҒАЛИЕВА (₸1,5 млн), 3-ші орынды Аяулым ҚАЛДАРОВА (₸700 мың) және 4-ші орынды ресейлік Ольга Илюшина (₸500 мың) алды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -