Бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Бала құқықтары туралы конвенцияны (БҚК) Қазақстан Республикасының ратификациялағанына 30 жыл толуына және Бүкіләлемдік бала күніне арналған ескерткіш пошта блогына белгі қою салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
БҚК Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ратификацияланған халықаралық келісімдердің бірі болды. Осы арқылы еліміз әр бала үшін тең құқықтарды қамтамасыз ету бойынша жаһандық міндеттемелерді өз еркімен қабылдады. Конвенция балаларға қолайлы қоғам құрудың негізгі құжатына және Қазақстанның ЮНИСЕФ-пен ұзақ мерзімді ынтымақтастығының негізіне айналды.
Рәсімге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрілігінің Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры бірінші Дидар Теменов, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Рашед Мұстафа Сарвар және «Қазпошта» АҚ Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Талғат Ғазизов қатысты. Шараға дипломатиялық миссиялардың басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері және БАҚ өкілдері де қатысты.
Өз сөзінде Д. Теменов Бала құқықтары туралы конвенцияның маңыздылығын тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін де ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында балалардың әл-ауқатын жақсартуды «Қазақстан мемлекеттік саясатының басты басымдығы» деп атағанын еске салды. Директор ұлттық деңгейде балалар құқықтарын жүзеге асыруға қолдау көрсеткен барлық серіктестерге алғысын білдіріп, болашақтағы тиімді ынтымақтастыққа сенімін жеткізді.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі соңғы 30 жылда Қазақстан мен ЮНИСЕФ балалардың әл-ауқатын жақсарту бағытында бірлесіп жемісті жұмыс атқарғанын атап өтті. Бұл денсаулық сақтау, білім беру және балаларды қорғау салаларындағы айтарлықтай прогресті қамтиды. «Бұл мерейтой тек өткенді қорытындылауға ғана емес, жаңа сын-қатерлер мен басымдықтарды анықтауға да мүмкіндік береді. Әр балаға қолдау көрсету үшін тұрақты шешімдер әзірлеуді жалғастыру және олардың құқықтарын тұрақты даму мақсаттарына сәйкес қорғау өте маңызды», – деп атап өтті ЮНИСЕФ өкілі.
Т. Ғазизов «Қазпошта» компаниясының СІМ және ЮНИСЕФ бастамасын мақтанышпен қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, ескерткіш пошта блогы маңызды әлеуметтік мәселелерге назар аударып, балаларға Қазақстан бойынша тең мүмкіндіктер жасау жолындағы ортақ мақсатымызды білдіреді».
Бала құқықтары туралы конвенция Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен ынтымақтастығының негізі болып табылады. 1994 жылғы 25 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЮНИСЕФ арасында ынтымақтастық туралы Негізгі келісімге қол қойылды.
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.