2024 жылғы 15 қарашада «Астана» халықаралық қаржы орталығы «Зияткерлік меншік туралы» АХҚО актісін (АХҚО актісі) бекітті. Акт 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл нормативтік акт зияткерлік меншікті қорғауды күшейтуге және озық шетелдік тәжірибеге негізделген заманауи құқықтық нормаларды пайдалану арқылы зияткерлік меншікке құқықтарды қамтамасыз етуге арналған. АХҚО-ның бұрын қабылданған «Венчурлық студиялар туралы» қағидаларымен бірге креативті индустриядағы бизнес үшін инновациялық жобаларды іске асыруда қаржы орталығының инфрақұрылымы мен құқықтық жүйесін пайдаланудың бірегей мүмкіндіктері ашылады.
«АХҚО-ның зияткерлік меншік туралы» жаңа актісінің қабылдануы АХҚО-ның ең жоғары халықаралық стандарттар деңгейінде инновацияларды қолдауға және зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға бейілділігін растайды. Прогрессивті құқықтық тетіктерді енгізу арқылы біз бизнестің, өнімдер әзірлеушілер мен зерттеушілердің өркендеуіне ықпал ететін қауіпсіз әрі ашық орта жасаймыз» АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Данияр Келбетов
«Зияткерлік меншік туралы» АХҚО актісі АХҚО-ның «Венчурлық студиялар туралы» ережелерімен бірге креаторлар мен инноваторларға өздерінің зияткерлік активтерін қорғауға мүмкіндік, ал инвесторларға инновациялық жобаларды қаржыландыруға қатысуға қосымша сенімділік береді. Қорғауға және ілгерілетуге баса назар аудару АХҚО-ның креативті экономиканы дамытудың катализаторы ретіндегі миссиясын айғақтап, оның инновациялардың, ынтымақтастық пен инвестициялардың жаһандық орталығы ретіндегі рөлін нығайтады.
АХҚО жаңа актісінің негізгі ережелері мыналарды қамтиды:
- Қолдану аясы. Акт АХҚО юрисдикциясындағы зияткерлік меншікке байланысты кез келген қызметке қолданылады. Бұл зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды, пайдалануды, сақталуын және коммерцияландырылуын қамтамасыз етуді қамтиды. Коммерцияландыруға мысалы, патенттер, сауда белгілері, авторлық құқықтар, коммерциялық құпиялар және басқалар жатады.
- Зияткерлік меншік құқықтарын тану. Акт зияткерлік меншік құқықтарының жеке тізілімін жасамайды. Қазақстан Республикасында ұлттық заңнамаға сәйкес тіркелген құқықтар АХҚО юрисдикциясында жарамды деп танылады.
Зияткерлік меншік құқықтарын бұзуға итермелеу немесе бұзуға жәрдемдесу сияқты жанама әрекеттерді қоса алғанда, патенттік құқықтардың бұзылу ұғымының кеңеюі, сондай-ақ АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығында бұзушылықтар туралы дауларды реттеу мүмкіндігі – осы актінің жаңашылдығы. Бұдан басқа, Акт қызметкерлердің жалдамалы жұмысы кезінде қалыптасқан зияткерлік меншігіне қатысты нормаларды қамтиды. Осылайша, жұмыс берушілердің құқықтары мен жұмыскерлердің әділ сыйақысы арасындағы тепе-теңдік қамтамасыз етіледі.
- Зияткерлік меншік жөніндегі комиссар. Дауларды соттан тыс шешу үшін тәуелсіз органның рөлін атқаратын зияткерлік меншік жөніндегі комиссар лауазымы енгізіледі. Комиссар зияткерлік меншікті басқару қағидалары мен стандарттарын әзірлеуге, сондай-ақ актінің сақталуын қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануға уәкілетті.
- Халықаралық стандарттарға сәйкестік. Акт сенімді құқықтық орта құра отырып, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес келеді. Бұл халықаралық инвесторлардың сенімін нығайтады әрі компаниялар мен инноваторларды АХҚО жұмысына тартады.
Құжатпен толығырақ AIFC Intellectual Property Regulationsсілтемесі бойынша танысуға болады.