Жасанды интеллект саласындағы стартаптарды дамытуға бағытталған AI'preneurs акселерациялық бағдарламасына 250 өтінім түсті, олардың ішінен 50 талантты маман — әзірлеушілер, инженерлер, менеджерлер және кәсіпкерлер — бағдарламаға өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қатысушылар 21 стартап құрып, оның 9-ы акселерацияны сәтті аяқтады, ал үздік 7 командаға Seed Money бағдарламасы аясында қаржы бөлінді.
AI’preneurs — түрлі саланың үздік мамандарын жинап, командалар құрып, жасанды интеллект негізіндегі стартап әзірлеуге мүмкіндік беретін Astana Hub акселерациялық бағдарламасы. Бағдарлама аясында қатысушылар төрт айлық қарқынды тәжірибеден өтіп, идея мен команда құрудан бастап, стартап әзірлеп, оны нарыққа шығаруға дейінгі кезеңдерден өтті.
«AI'preneurs — Қазақстандағы жасанды интеллект саласындағы стартаптарды дамытуға арналған алғашқы бірегей бағдарлама. Мұнда жобалар нөлден басталып, қысқа уақыттың ішінде тамаша нәтижелерге қол жеткізеді. Алғашқы түлектер жоғары деңгейде үлгі көрсетті: AI CARD стартабы елордалық ауруханаларда өз шешімдерін енгізсе, AVM.AI ірі компаниялармен келісімшарт жасасып, жұмыс істейтін MVP-ді 30-дан астам пайдаланушы арасында сәтті сынақтан өткізіп, Франция мен АҚШ-тағы дата-орталықтар арасында 1 миллиард параметрі бар үлгіні оқытты. Chat Insider AI қарапайым идеядан басталып, бүгінде жұмыс чаттарын талдауға арналған қызметін қазақстандық және еуропалық клиенттерге ұсынып отыр, ал KAFTAN түркі тілдерін меңгеруге арналған инновациялық әдістерді ұсынып, жаңа бағыттарды дамытуда. Біз бағдарламаны кеңейтіп, одан да көп талантты мамандарды тартуды жоспарлап отырмыз. AI'preneurs аясында құрылған жобалар жаһандық табыстарға жетіп, технологиялық дамуға үлкен үлес қосады деп сенемін» Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев
AI'preneurs бағдарламасы IT мамандарын дайындаудың жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, елдің жасанды интеллект шешімдерін дамытудағы зор әлеуетін де айқындады.
Бағдарлама аясында командалар менторлық қолдауға, технопарк инфрақұрылымына және халықаралық байланыстарға қол жеткізді, бұл олардың сенімді бастау алуына мүмкіндік берді. Акселерация процесінде жетекші трекерлер Евгений Фролов пен Николай Тян үлкен рөл атқарды. Олар бағдарламаның бүкіл кезеңінде стартаптармен тығыз жұмыс істеп, апта сайынғы бордмитингтерде гипотезаларды мұқият талдап, бағыт-бағдар беріп отырды.
Құрылған 21 жобаның ішінен 9 стартап мықты MVP әзірлеп, бағдарламаны сәтті аяқтады:
- AI CARD – жасанды интеллект арқылы жүрек УДЗ диагностикасын автоматтандыруға арналған шешім. Жүйе нақты уақыт режимінде суреттерді талдап, оларды эталондық деректермен салыстырады, осылайша дәрігерлердің шешім қабылдауына көмек береді.
- AVM.AI – жасанды интеллект тапсырмаларын орындау үшін әлемдегі әртүрлі видеокарталарды біріктіруге мүмкіндік беретін платформа. Жоба видеокарталардың жетіспеушілігі мен олардың қымбат бағасына қатысты мәселені шешеді.
- Chat Insider AI – жұмыс чаттары арқылы қызметкерлер мен командалардың мінез-құлқын талдауға арналған ЖИ қызметі. Ол қызметкерлердің жұмысқа ынтасын бақылап, ықтимал проблемаларды анықтайды және оларды шешу үшін HR мен басшылыққа ұсыныстар береді.
- KAFTAN – Telegram платформасында түркі тілдері мен тарихын қызықты ойын форматында үйренуге арналған этно-ойын. Жоба TON блокчейніне және ЖИ технологияларына негізделген. Ол пайдаланушыларды жетістіктері үшін марапаттап, оқу тапсырмаларын дербестендіріп, мәдени мұраға тереңірек бойлауға мүмкіндік береді.
- SalesFlow – шағын және орта бизнес үшін лид басқару мен демо конверсиясын арттыруға арналған ЖИ платформасы. Ол «суық» лидтерді белсендіреді, сатылым процестерін оңтайландырады және Salesforce, HubSpot секілді CRM жүйелерімен көпарналы интеграция жасайды.
- Salyq.AI – жеке тұлғаларға салық декларацияларын толтыруды жеңілдетуге және кеңес беруге арналған ЖИ негізіндегі бот. Платформа брокерлік есептерді өңдеп, есеп-қисап жүргізеді және салықтық формаларды автоматты түрде толтырып, жылдам әрі дәл өтініш беруге мүмкіндік береді.
- Qural.AI – компаниялардың HR бөлімдеріне қызметкерлердің өнімділігін арттыруға және қанағаттанушылығын жақсартуға көмектесетін жасанды интеллект негізіндегі жоба. Ол қызметкерлерді дамыту стратегиялары мен мансаптық коучинг ұсынады.
- Skideo – футбол клубтары мен академияларына жас ойыншыларды анықтауға және оларды сатып алу мен сатудан кіріс арттыруға көмектесетін платформа. Жоба матчтар мен жаттығулардың видеосын талдау үшін компьютерлік көру қабілеті және ЖИ модельдерін қолданады. Платформа айына $10K жазылыммен 8 000 ойыншы туралы дерек береді, бұл қолмен деректер жинайтын бәсекелестерден 10 есе тиімді.
- Re:create Video – әлеуметтік желілердегі трендтерді талдап, вирустық контент жасауға көмектесетін платформа. Ол дайын идеялар мен құралдарды ұсына отырып, блогерлер мен бизнеске аудиторияны жылдам арттыруға мүмкіндік береді.
Astana Hub — IT-бизнеске арналған экожүйені құру мен дамытуға белсенді үлес қосып жатқан Орталық Азиядағы ең ірі технопарк. Негізгі қызмет бағыттары стартаптарды қолдау, инновациялық технологияларды дамыту және IT мамандарын даярлауды қамтиды. Технопаркте 1500-ден астам IT-компания тіркелген, олардың 400-ден астамы шетелдік қатысуымен. 2018 жылы ресми іске қосылғаннан бері Astana Hub қатысушылары 28 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, Қазақстанға шамамен 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде IT экспортын қамтамасыз етті.