29 қарашада «Астана Балет» театрының сахнасында Француз маэстросы Кристоф Мангудың жетекшілігімен театрдың симфониялық оркестрі өнер көрсетеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кристоф Мангу өзінің жаңашыл тәсілімен, биік талғамымен және классикалық дәстүрді заманауи әуенмен үйлестіре білуімен танымал. Бұл маэстроның «Астана Балет» оркестрімен екінші шығармашылық ынтымақтастығы: былтыр қазан айында өткен алғашқы бірлескен концерт көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, көкейінен шыққан еді.
«Мен Астанаға қайта оралып, осындай тамаша бағдарламаға дирижерлік ететініме шын жүректен қуаныштымын. Концерт шымылдығы Дебюссидің әсем туындысы «Шағын сюитамен» ашылады, содан кейін абсолютті шедевр орындалады: Сибелиустың әйгілі скрипка концерті, мен дирижерлік етіп, ал Қаламқас соло орындайды! Концерт бельгиялық композитор Сезар Франктың керемет симфониясымен аяқталады. Мұнда бүкіл оркестр біртұтас қуатты ағза секілді әсер қалдырады, себебі Франк органист болған және бұл бағдарламалық музыка, яғни, шығарманың циклдік формасы сақталып – бірінші бөлімнің тақырыптары финалда қайта орындалса да – тыңдарман қауым үшін терең, біртұтас көркем идея мен үлгілі музыкалық архитектураның көркін ашады» Кристоф Мангу

Бұл кеште еуропалық музыканың үш ұлы шебері – Клод Дебюсси, Жан Сибелиус және Сезар Франктың шығармалары орындалады. Дебюссидің нәзік әрі мөлдір «Шағын сюитасы» концерттің прологына айналады: оның бояуы қанық әуезі мен нәзік үндестігі француз импрессионизмінің жеңіл, әсем, поэтикалық атмосферасына бөлейді. Одан кейін академиялық музыка тарихындағы ең мәнерлі әрі драмалық концерттердің бірі – Сибелиустың Скрипкаға арналған ре минор концерті орындалады. Бұл шығарма мұз қатқан солтүстік лирикасын жарып өткен жалын іспетті, ал виртуоздық пассаждар терең, тәубеге келтірер иірімдермен қатар өрілгендей. Солист Қаламқас Жұмабаева осы музыканың күрделі, қуатты сипатын ашып, әрбір әуен үзіндісін эмоционалды көңіл толқынына айналдырады.
Кеш шымылдығы Сезар Франктың Ре минор симфониясымен жабылады. Шығарма циклдік формаға құралған, яғни, тұғырлы тақырыптары финалда қайта орындалып, ауқымды біртұтас дүние ретінде әсер етеді. Симфония ой толғаныстарынан бастау алып, жарқын әрі шабыт дарытатын нәтижелі күйге жетелегендей сезім тудырып, ал оркестр тембр байлығы мен ішкі қуатқа толы біртұтас тірі ағза іспетті көрінеді.

Классикалық өнердің шекарасын кеңейтуді жалғастыра отырып, Кристоф Мангу әлемдегі жетекші ұжымдармен және артистермен – Britten Sinfonia және Лондон симфониялық оркестрінен бастап, Париждегі Salle Pleyel, Амстердамдағы Concertgebouw, Лондондағы Barbican, Манчестердегі Bridgewater Hall, сондай-ақ АҚШ, Австралия, Жапония және басқа да көптеген елдердің ірі сахналарында көрсетілген Джефф Миллспен бірлесіп жүзеге асырған бірегей жобаларға дейінгі шығармашылық ынтымақтастығын үзбей келеді. Маэстроны қабылдап, классика, джаз және заманауи музыкалық формаларды біріктіретін шығармашылығын қазақстандық көрерменге таныстыру «Астана Балет» театры үшін зор мәртебе.