"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының үздік бастамалары мен жобаларын анықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Екі ел арасындағы мәдени және туристік байланыстарды нығайтудағы жетістіктер үшін 11 марапат табысталды.
"Вond with China" хабарының үш эпизодын әзірлеген Қытайдың CCTV-4 орталық телеарнасы жылдың ең маңызды және ірі медиа жобасы танылды. Бұл бағдарлама екі ел арасындағы терең мәдени байланыстарды айқын көрсетті.
Xinjiang Great Western International Travel Agency Co Қытайдағы Ctrip платформасындағы Қазақстанға ең танымал тур аталымында марапатталды. "Визасыз Қазақстан: "Бір белдеу - бір жол" маршруты Алматы қаласы бойынша жүргізілді.
"Қазақстанның туризм жылы аясындағы үздік коллаборация" номинациясының жеңімпазы - ҚХР танымал блогері ТаоТао. Оның Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы әлеуметтік желідегі жазбалары миллиондаған аудиторияны қамтыды.
"Үздік білім беру жобасын" Алматы қаласының туризм басқармасы жүзеге асырды. Оның аясында 200 гид пен экскурсовод біліктілікті арттыру және оқыту курстарынан өтті.
ҚР Ұлттық мұражайы "Үздік мәдени жоба" номинациясын жеңіп алды. Тяньцзинь мұражайындағы "Алтын адам және Ұлы дала" көрмесін Қытайдың 360 мыңнан астам тұрғыны тамашалап үлгерген. Көрме 2025 жылдың 12 ақпанына дейін жалғасады.
Sandyq Group "Үздік серіктестік жоба" атанды.
Silk Road Rally автошеруі Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының серпінді жобасы атанды. 130 автокөліктің бағдары Қытайда басталып, Орталық Азия бойынша жалғасты. Оны Turan Kazakhstan Travel, Азимут Тревел және Grand Soluxe Travel Company туроператорлары ұйымдастырды.
Air Astana және Wyndham Hotels Kazakhstan "Үздік MICE жобасы" марапатын иеленді. Олар Қытайдың MICE-ұйымдастырушылары өкілдері үшін Астана және Алматы қалаларында, Бурабай курортында 2 техвизит өткізді.
Е-Qonaq жүйесінің деректеріне сүйенсек, ҚХР туристері арасында танымал топ-3 қонақ үй - Kazakhstan hotel, SAAD Hotel және Holiday Inn Almaty .
Visit Almaty, Visit Astana және Visit Mangystau "Қытай нарығында өз өңірлерін ең белсенді ілгерілетті" номинациясында үздік танылды.
Сондай-ақ, Kazakh Tourism қытай тілін білетін 9 гидке атаулы бейдждерді табыс етті.
Айта кетейік, Kazakh Tourism Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми жабылуын өткізді. Ұйымдастырылған іс-шаралардың арқасында ҚХР-дан келушілер саны 50% өсті. Биылғы 10 айда елімізге Қытайдан 550 мың адам келген, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 367 мың адамды құрады. Туризмнен түсетін табыс шамамен 500 мың АҚШ долларын құрады.