Қазақстан ақылды өнеркәсіпке кадр дайындауда: дуалды оқытудан кәсіпорын практикасқа дейін

2387
Фотосурет: primeminister.kz

Бүгінгі күні жаңа мамандықтар Атласында Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша 75 жаңа мамандық бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ол министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша кадрларға қажеттілік шамамен 40 мың адамды құрайтынын атап өтті. Бүгінгі таңда жаңа кәсіптер атласы министрлік желісі бойынша 75 жаңа кәсіпті қамтиды.

«Мысалы, металлургия және тау-кен өндірісі саласында смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау техникасының операторы, машина жасау саласында – виртуалды прототиптеуші маманы, құрылыста – Big Data талдаушысы, «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты жаңа мамандықтар пайда болды. Сонымен қатар бизнес процестерді автоматтандыруға байланысты 40-тан астам мамандық өзгеріске ұшырады. Биыл 190 инвестициялық жобаны іске қосу барысында машина жасауда тағы 8 жаңа мамандық пайда болады. Мысалы, олардың қатарында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы бар. Осылайша, қол еңбегін автоматтандырылған еңбек түрімен біртіндеп ауысуы байқалуда. Ол қоғамдағы жұмысшы мамандықтары туралы түсінікті түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Министрлік жүйелі түрде кәсіби стандарттарды әзірлеу мен жаңарту жұмыстарын жүргізуде», — деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан. 

Сонымен қатар вице-министр министрліктің 8 саласы бойынша 88 кәсіби стандартты әзірлеу және жаңарту жоспарланғанын, бұл 544 мамандықты қамтитынын баяндады. Кәсіби стандарттарды енгізу арқылы нақты сектордың кадрға деген сұранысы мен білім беру жүйесі арасындағы үйлесімділік қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде мамандардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Осыған байланысты, өндірістік ортаға бейімделген білікті кадрларды даярлаудың тиімді тетігі ретінде дуалды оқыту жүйесін дамыту ерекше маңызды. Өнеркәсіп салалары үшін дуалды оқыту 284 колледжде жүзеге асырылуда және оған 700-ге жуық кәсіпорындар тартылған.

Кәсіпорындармен жасалған келісімдер мен меморандумдар аясында 30-дан астам білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Нәтижесінде жыл сайын 13 мыңға жуық жас маман жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ жүйелі түрде мыңдаған оқушылар үшін кәсіптік бағдар беру іс-шаралары өткізіледі. 

«Былтыр 2 мыңнан астам студент кәсіпорындарда тәжірибеден өтті. Озық білім беру технологияларын енгізу мақсатында халықаралық әріптестікті дамыту жалғасуда. Мысалы, өткен жылы  «Allur Group» компаниясы Германияның Эрфурт университетімен бірлесіп, Халық-аралық дуалды оқыту орталығын құрды. Тараз қаласында «Қазфосфат» компаниясының қолдауымен Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды. Болашақта дуалды білім беруді дамыту жаңа өндіріс орындарына енгізу арқылы жалғасатын болады. Министрлік жетекшілік ететін салаларда мамандықтардың тартымдылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Мысалға, геология саласында маусым айында Қарқаралы оқу-геологиялық полигонында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы өтті, оған еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен Семей геологиялық барлау колледжінен 100-ден астам студенті қатысты. Сондай-ақ шілде айында Семей қаласында мектеп оқушылары арасында II Республикалық далалық геологиялық олимпиада өткізілді, оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 16 команда қатысты. Мұндай іс-шаралар ерте кәсіби бағдарлауға, мамандыққа қызығушылықты қалыптастыруға, дарынды жастарды анықтауға және отандық геологиялық білімнің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді», — деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі. 

Оның сөзінше тау-кен ісі мен геология мамандықтарына деген қызығушылық артып келеді. Егер бұған дейін жыл сайынғы бітірушілер саны 1,2 мың адам болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш жыл сайын 3 мыңнан асуда. Сонымен қатар түлектердің 98%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуда. Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша адам капиталын дамыту бағытында жүйелі жұмыстарды одан әрі жалғастыратын болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -