Қараша айының үшінші онкүндігінде Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммиті өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Саммит аясында Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Қорғаныс министрлерінің кеңесі және Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары комитетінің отырыстары өтті. Бұл маңызды іс-шараға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан мемлекеттерінің басшылары қатысты.
Саммитке жоғары лауазымды қонақтардың келуіне байланысты астана тұрғындары үшін қаланың кей көшелерінде жүріп-тұруға уақытша шектеулер енгізілді. Қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Астана, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Теміртау қалаларында орналасқан Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің жеке құрамы елордада полиция қызметкерлерімен бірге күшейтілген режимде патрульдік қызмет атқарды. Жалпы алғанда, ҰҚШҰ саммиті өтетін уақытта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қауіпсіздікті сақтау үшін елордада 1800-ден астам Ұлттық ұлан офицерлері, сержанттары мен сарбаздары және 100-ден астам автокөлік техникасы жұмылдырылды.
Астанаға жоғары деңгейдегі қонақтардың көп келуіне байланысты қоғамдық орындарда, көшелерде және мәдени-спорттық іс-шаралар өтетін орындарда қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Ұлттық ұланның 5451, 5510, 5512 және 5516 әскери бөлімдерінен жеке құрам келді. Бұл бөлімдерде қызмет атқаратын әскерилердің халықаралық деңгейдегі іс-шараларда, сондай-ақ ірі мәдени және спорттық оқиғалар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жиған мол тәжірибесі бар Ұлттық ұланның Қоғамдық тәртіпті қорғау бөлімінің бастығы полковник Бауыржан Кумаров
Саммиттің қорытындысы бойынша ҚР ІІМ орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы бұйрығымен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің саммиті кезінде ерекше қызмет атқарған 500-ден астам әскери қызметкер марапатталды. Оларға «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» және «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгілері, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Марапаттау рәсімі «Астана-Арена» стадионының маңындағы аумақта және астаналық жедел бригаданың саптық алаңында өтті.
Бір аптаға созылған дайындық және екі күндік халықаралық шара барысында басқа құқық қорғау органдарымен бірге Ұлттық ұлан сарбаздары мемлекет басшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау міндетін абыроймен атқарды. Сіздерге өзімнің және ҚР Ішкі істер министрінің атынан алғысымды білдіремін Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков марапаттау рәсімінен кейін
Мұндай тарихи оқиға кезінде елордада қызмет ету — мен үшін үлкен мәртебе. Мен әскерде жарты жылдан бері қызмет етіп келемін. Ұлттық ұланда қызмет ету өте қызықты екен. Күнделікті қызметтен бөлек, халықаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысқаныма қуаныштымын Деді марапатталған 5510 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Максим Генш
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауға әрдайым дайын. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып, халыққа кез келген сәтте қол ұшын созуға әзір. Оларды мемлекеттің ішкі күші деп нық сеніммен айтуға болады.