Ғалымдар Қазақстанның әскери тарихының өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи мұражайында жыл сайынғы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Оған әскери тарих, археология, этнография, мұрағат ісі, мұражайтану саласын зерттеушлер, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Польша, Әзербайжан және Италия елдерінің өкілдері қатысты.
Зерттеушілер әскери мұраны зерделеу мен мұрағат жұмысының проблемалық аспектілерін қозғады. Сондай-ақ, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы, қазақстандық жауынгерлердің фашистік басқыншыларды жеңуге қосқан үлесі және әскери тарихтың басқа да мәселелері туралы айтылды.
"Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың даңқы мен рөлі тарихымыз бен ұрпақ үшін өте маңызды. Қазақ халқы ежелгі заманнан бері барлық шайқастарда ерлік пен табандылықтың лайықты үлгісі болған. Мәселен, Шығыс халықтарының арасында қазақтар Кеңес Одағының Батырларының саны бойынша бірінші орында тұр. Тарихта әлі де көптеген ақ ақтаңдақтар бар. Хабарсыз кеткен адамдар әлі де көп. Біз қанша қазақстандық тұтқында болғанын білмейміз. Сондықтан Ұлы Отан соғысы тарихына әлі нүкте қойылған жоқ" Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары тарих ғылымдарының докторы Аяған Бүркітбай
Бұл тұрғыда ғалымды Астана қаласындағы әзірбайжандардың «Хазар» этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махир Мұхтароғлы қолдады. Ол Ұлы Отан соғысының тарихын және Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесін терең зерттеу қажеттігін атап өтті.
Польша Республикасының әскери атташесі подполковник Александр Сухенек қазақстандық тарапқа тығыз ынтымақтастық үшін алғысын білдіріп, әскери тарих мәселелерінің отандастары үшін маңыздылығын атап өтті.
Варшавадан онлайн режимде доктор Ева Ковальска «Ұлттық есте сақтау институтының іздеу және сәйкестендіру бөлімінде жүргізілген Шығыстағы поляктардың ескерілмеген Жерлеу орындарын зерттеу» атты баяндама жасады.
Конференцияда әскери мұражайларды дамыту және Қарулы күштердің жауынгерлік дәстүрлері негізінде жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселелері талқыланды.