Атырау облысында 1000-ға жуық кәсіпкердің жобасы қолдау тапты, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 41,6 млрд. теңге құрайтын 1000-ға жуық шағын және орта бизнес субъекті қолдау тапты. Оның ішінде несие сомасы 31,4 млрд. теңге құрайтын 634 кәсіпкердің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, 318 кәсіпкердің жобасы 10,2 млрд. теңгеге кепілдендірілді. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде мәлім етті.
Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аймақтағы шағын және орта бизнес иелерінің тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Биыл оған облыстық бюджеттен 761 миллион теңге бөлініп, 83 жоба іске асып жатыр.
"Жобалар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың табысын арттыруға және өңір экономикасын нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда. Жобалардың 50-і мал шаруашылығын дамытуға, 30-ы шағын және орта бизнесті қолдауға және үшеуі егін шаруашылығын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар биыл жүзеге асырылған 3 ірі инвестициялық жобаның нәтижесінде жаңадан 90 жұмыс орны құрылды" Серік Шәпкенов
Келер жылы жалпы құны 26,2 миллиард теңгені құрайтын 4 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның аясында тағы да 187 жұмыс орны құрылады.