«Теңізшевройл»: қазақстандық тауарлар мен қызметтерге $50 млрд

3388
Фотосурет: shutterstock и wikimedia commons

«Теңізшевройл» қазақстандық тауарлар мен қызметтерге 50 миллиард АҚШ долларын жұмсады, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Конилкош Сүйесінов компанияның Қазақстан экономикасына қосқан үлесін көрсететін сандармен бөлісті.

Конилкош Сүйесіновтің айтуынша, 1993 жылдан 2024 жылдың үшінші тоқсанына дейін компания Қазақстан экономикасына 198 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы салған. Тек осы жылдың үш тоқсанында ТШО-ның тікелей төлемдері шамамен 8,4 миллиард АҚШ долларын құрады.

Айта кетсек, Қазақстанның ең ірі операторларының бірі басшысының баяндамасы Атырауда өткен SPE конференциясында жасалды. Бұл конференция – мұнай мен газ барлау және өндірумен айналысатын 145 елдің 127 000 мүшесін біріктіретін халықаралық кәсіби қауымдастықтың жиыны. Қазақстанның мұнай өндіруінің 125 жылдығына арналған іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен энергетика саласының 500-дей жетекші сарапшысы қатысты.

Конференция қатысушылары каспийлік энергетикалық компаниялардың өздерінің бірегей ресурстары мен мүмкіндіктерін әлемдік нарықтағы көшбасшылыққа қалай айналдыра алатынына назар аударды. Энергетикалық қауіпсіздік пен көшу арасындағы тепе-теңдікті сақтау, каспийлік газды дамытудағы мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндер, жасанды интеллектті пайдалану, сондай-ақ Каспий аймағындағы барлау және операциялық стратегиялар талқыланды.

Панельдік сессия барысында сұрақтарға жауап бере отырып, Конилкош Сүйесінов S&P Global-дың жақында жүргізген зерттеуіне тоқталды. Бұл зерттеу бойынша, соңғы 12 жыл ішінде ТШО Қазақстанның номиналды ЖІӨ-сінің орта есеппен 11%-ын қамтамасыз еткен. Сонымен қатар, мультипликативті экономикалық әсер арқылы ТШО-ның әрбір жергілікті қызметкері Қазақстан бойынша тағы 41 жұмыс орнын қолдайды.

@Теңізшевройл

«Компания құрылғаннан бері қазақстандық тауарлар мен қызметтерге шамамен 50 миллиард АҚШ долларын жұмсады. Тек осы жылдың үш тоқсанында ТШО қазақстандық тауарлар мен қызметтерге 2,2 миллиард АҚШ долларын жұмсады. Биыл ТШО қазақстандық компаниялармен 20-дан астам келісімшартқа қол қойды. Бүгінгі таңда ТШО 2000-нан астам жергілікті компаниямен серіктесіп, қазақстандық мазмұнды дамытуға үлес қосуда» Конилкош Сүйесінов

Қазақстандық қызметкерлерге келсек, ТШО-дағы жалпы қызметкерлердің 95%-ы және менеджерлер мен басшылардың 88%-ы – қазақстандықтар. 2007 жылдан бері ТШО-ның 478-ден астам ұлттық қызметкері шетелдік қызметкерлерді негізгі техникалық және басқарушылық лауазымдарда алмастырды.

Сондай-ақ, Конилкош Сүйесінов экология саласындағы жетістіктерге тоқталды. Оның деректеріне сәйкес, 2000 жылдан бері ТШО өндірілген шикі мұнайдың әр тоннасына атмосфераға бөлінетін шығарындыларды 76%-ға қысқартқан. Бұл көрсеткіштер шикі мұнай өндірудің бір уақытта ұлғаюына қарамастан қол жеткізілген. Бұдан бөлек, Теңіз кен орнына қажет судың жартысына жуығы қайта өңделіп, қайталап пайдаланылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -