Қазақстан ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін ұлғайтуда

3256
Фотосурет: @standret / freepik

Биыл Қазақстанда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау секторында 3 жаңа өндіріс іске қосылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Олардың жалпы құны - 5,7 млрд теңгені құрайды. Жобаларды іске асыру 172 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлады.

«Кәсіпорындар өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы машиналарын, тіркеме және аспалы техниканы, жаңбырлатып суару жабдықтарын, терең қопсытқыштарды және басқа да техниканы шығара бастады. Өнімдердің басым бөлігі елдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған», - делінген хабарламада.

Іске қосылған аталмыш жобалар толық қуаттылыққа шыққанда, өндірілген өнім көлемі 107,3 миллиард теңгеге жетуі мүмкін деп болжануда.

Дирекцияның мәліметінше, жалпы ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласындағы инвестициялық портфель 26 миллиард теңгені құрайтын 10 жобаны қамтиды. Оларды жүзеге асыру 700-ден астам жұмыс орнын құруды көздейді.

Қазіргі уақытта 18,4 млрд теңгені құрайтын бес жоба іске асырылу сатысында, олар 510-нан астам жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Жобалар аясында комбайндар, тракторлар, ауыр тырмалар, астық тасымалдауға арналған көліктер және басқа да техника өндірілмек. Өндірілген өнімдердің басым бөлігі ішкі нарыққа бағытталатын болады.

«Бұдан бөлек, шамамен 2 млрд теңге құрайтын тағы екі жоба қарастырылуда. Отандық инвесторлармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы техникаларының әртүрлі түрлерін өндіру және техникаларды жөндеу мен қызмет көрсету орталығын іске қосу жоспарлануда», – деп нақтылады дирекцияда.

Сонымен қатар, салаға инвестициялар тарту мақсатында республикалық және жергілікті деңгейде арнайы экономикалық аймақтар аясында инвестициялық преференциялар, жеңілдетілген несие шарттары, салықтық жеңілдіктер сияқты қолдау шаралары көрсетілуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -