Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ХІІ халықаралық Бірімжанов съезіне қатысуға келген университет ректорларымен және компания басшыларымен кездесу өткізіп, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алдымен оқу ордасының басшысы Франциядағы Де Ренн жоғары ұлттық химия мектебінің халықаралық департамент басшысы Сильвен Жиродені қабылдады. Жүздесуде Жансейіт Түймебаев құрметті қонаққа ҚазҰУ-дың жетістіктері туралы ақпарат беріп, қазіргі таңда университеттің Франция ЖОО-ларымен ынтымақтастығы жөнге қойылғанын атап өтті.
Өз кезегінде Сильвен Жироде ілтипат білдіргені үшін білім ордасының басшысы мен ұжымына ризашылығын жеткізді.
«ХІІ халықаралық Бірімжанов съезіне шақырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Бүгінде Франция мен Қазақстан әр сала бойынша тығыз қарым-қатынас орнатты. Франция университеттерінен ҚазҰУ-ға келіп, оқып жатқан студенттер көп. Осы тұрғыда ҚазҰУ-дың білім алушы жастарын Францияда тағылымдамадан өтуге шақырамын» Сильвен Жироде
Жүздесу нәтижесінде тараптар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыру, оқытушылар мен студенттер үшін академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша уағдаластыққа қол жеткізді.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Шыңжаң мұнай-газ технологияларын дамыту компаниясының бас директоры Цзоу Чуньяньмен келіссөз жүргізді. Жүздесуде тараптар серіктестікті жандандыру бойынша мәселелерді талқылап, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Цзоу Чуньянь компания туралы ақпарат беріп, оның негізгі мақсатына тоқталды.
«Шыңжаң мұнай-газ технологияларын дамыту компаниясы Шығыс-Оңтүстік мұнай университетінің қолдауымен ашылды. Құрамында 2 ғылыми зертхана бар. Мақсат – студенттердің инновациялық жобаларын мұнай саласында қолдану және осы саладағы өзекті мәселелерді шешу» Цзоу Чуньянь
Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ Шыңжаң мұнай-газ компаниясымен ІТ, физика және химия бойынша әріптестік байланысты арттыруға мүдделі екенін жеткізді.
Сондай-ақ білім ордасының ректоры Сумгаит мемлекеттік университетінің ректоры Руфат Азизовпен кездесіп, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқытушылар мен студенттер алмасу жұмыстарын жандандыруға келісті. Жансейіт Түймебаев Руфат Азизовқа ХІІ халықаралық Бірімжанов съезіне қатысуға арнайы келгені үшін алғыс білдірді.
Тараптар ғылыми кадрлар даярлау, бірлескен қосдипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ортақ ғылыми конференциялар ұйымдастыру мәселелері бойынша әңгімелесті.