Гаджеттер дәуірінде оқырман ұлтты қалай жандандыруға болады?

4037
Фотосурет: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті мен ЮНЕСКО қолдауындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы «Кітап оқитын ұлтты жаңғырту» тақырыбында VI Халықаралық конференция өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Жиынға зерттеушілер, мәдениет қайраткерлері, белгілі қаламгерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Әзербайжан, Ресей, Түркия және Қазақстанның әлеуметтік-гуманитарлық сала мамандары қатысты. Іс-шара «Қазақстан» қонақ үйінің мәжіліс-залында өтті.

Форум қатысушыларына Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы, көрнекті ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов құттықтау сөз сөйледі.

Ауқымды іс-шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен «Ғылым, білім мәдениеті және оқу: Болашақ ұрпаққа арналған синергия» тақырыбында баяндама жасаған Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры, филология ғылымының докторы Н.Шаймерденова, «Орыс тілі» мамандығы бойынша ҚазҰУ-дың бірінші курс докторанттары Д.Худайбердина және А.Нұрахынова  қатысты.

ҚазҰУ-дың түркітану және алтаистика ҒЗИ атқарушы директоры Н.Шаймерденова жан-жақты шығармашылық тұлғаны қалыптастыру мәселелеріне тоқталып,  нақты өмір мен виртуалды әлем арасындағы тепе-теңдік туралы ойларымен бөлісті.

Әріптестерінің сөздерін қорытындылай келе ол отбасы болып кітап оқуды, ұрпақ сабақтастығын жандандыру мен нығайтудың маңыздылығына айрықша мән беру керектігін айтты. Сонымен қатар ҚазҰУ студенттері, магистранттары мен докторанттарының көп жағдайда креативті және кітапқа деген сүйіспеншіліктерінің барын атап өтті. Спикер ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.К.Оспанованың деректеріне сүйене отырып, кітапханадағы жас оқырмандардың саны айтарлықтай өскендігіне және олар көркем әдебиетке де, ғылыми әдебиетке де үлкен қызығушылық танытып отырғандығын тілге тиек етті.

Конференцияға қатысушылар баяндамашыларды тыңдап, одан туындаған сұрақтарды талқылап, пікір алмасты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанттарының ғылыми кеңесшілері – профессор У.Бахтыгереева (РУДН) мен О.Валикованың (РУДН) баяндамалары көпшіліктің ерекше назарын аударды.

30 жылдан астам уақыт бұрын қалыптаса бастаған әлеуметтік еркіндік дәстүрлі кітаптың тағдырына әсер етіп, көпшілік қауымның кітаптан гаджеттерге, мобильді құрылғыларға, желілік ресурстардың барлық түрлеріне ауысуына себеп болды. Кейін бұл үрдіс кітап пен ұлттың дамуының өзара байланыс барын түсінуге және оны қалпына қайта келтіру қажеттілігін тудырды. Мәдени қауым кітап оқитын ұлтты қалыптастырудың маңыздылығына мән бергені де сондықтан.

Конференцияда XXI  ғасырда кітап оқитын ұлттардың жандануына мүдделі елдер арасында жалғасып жатқан диалогқа назар аударылған Қарар қабылданды. Онда бүкіл әлемде кітап мәдениетінің дамуына кедергі келтіретін факторларды ескеру қажеттілігі айтылған және БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Жаһандық күн тәртібі ретінде қабылданған Тұрақты даму мақсаттарына қолдау көрсетілген. Қарарда сондай-ақ әлеуметтік және мемлекеттік сатып алуларды, кітап оқитын ұлттың жандану үдерісіне ықпал жасайтын баспа өндірісі мен кітап тарату жүйесін қалпына келтіру ұсынылған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -