6600
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Елдің бейбіт әрі қауіпсіз болуының кепілі қуатты әскер екені белгілі. Халық тыныштығын күзеткен сақшылар осынау жауапты қызметтің жауапкершілігін сезініп, жыл сайын қанаты қатаймаған жас сарбаздарды қабылдап, тәртіпке үйретіп, батылдық пен табандылыққа тәрбиелеп келеді.

Солардың бірі – Алатау қаласының Заречный ықшам ауданындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3660 әскери бөлімі. Құқықтық тәртіп әскерінің дәстүрі бойынша, аталған әскери бөлімінде әскери қызметін өткерген сарбаздарды әскери міндеттіліктен босатып, өз отбасыларына шығарып салу шарасы салтанатты жағдайда өтті. Сондай-ақ әскери борышын үздік орындаған сарбаздарға еліміздегі жоғары оқу орындарына грант сертификаттары табысталды. Өткен жылдың қараша айында қабылданған 223 сарбаздың арасынан 21-і оза шауып, үздік нәтиже көрсеткен. 

Осыдан бір жыл бұрын өткен жылдың күзінде әскер қатарына еліміздің әр өңірінен шақырылған сарбаздар, енді міне, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып шықты. Олар бір жыл бойы әскери мамандықты меңгеріп, жауынгерлік даярлықта елеулі нәтижелерге қол жеткізді, сондай-ақ мінездерін шыңдап, әскери тәртіпті үйреніп, командада жұмыс істеуді іске асырды.

Салтанатты шара Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Одан әрі әскери бөлім командирі полковник Жангелді Әбдіқадыров сарбаздарды айтулы күнмен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

- Елге қызмет ету әскерде болумен ғана шектелмейді, бұдан кейін де әр салада қарымды еңбек еткендеріңіз – қазақ жұртына деген сүйіспеншіліктің, құрметтің белгісі. Болашақ сіздердің қолдарыңызда. Алдағы өмір жолдарыңызға сәттілік тілейміз. Отан қорғаушы деген атқа кір келтірмей, әскери өмірден алған тәжірибені болашақта ұтымды пайдаланатындарыңызға сенеміз, – дей келе, әскери бөлім басшылығы, офицерлер және барша бөлімнің жеке құрамы атынан алғыс білдірді.

Басқосуда сөз алған бөлімнің ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары запастағы майор Жандарбек Ысқақов та жылы лебізін ортаға салды. Алдымен Ұлттық ұланның 3660 әскери бөліміндегі қоғамның амандығы мен тыныштығын сақтау жолында қызмет етіп жүрген жауынгерлер мен сардарларға айрықша алғыс айтты. Осыдан соң Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып қайту алдында тұрған сарбаздарға өз ризашылығын білдіріп, ақжолтай тілегін жеткізді.

Одан әрі оқу орындарына грант ұтып алған сарбаздар марапатталды. Бұл сертификатты алудың да өзіндік ережелері бар. Ол Қорғаныс министрлігі әзірлеген «Срочник 2.0» бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Әскери бөлімге келген әр сарбаздың жыл бойғы тәртібі, білімі, оқу-жаттығу барысындағы нәтижесі бағдарламаға енгізіліп, «өте жақсы» деген көрсеткішке жеткен сарбаз осы мүмкіндікке ие болады. Солардың бірі Түркістан облысы Шардара ауданынан келген қатардағы жауынгер Шәмші Қарсақбай.

- Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір ер азаматтың парызы. Әскер адамды төзімге сабырға, шыдамды болуға үйретеді. Бұл сертификат терең білім алуымызға септігін тигізеді. Болашақта үлкен қызметтерге орналасып, жетістікке жетуімізге көмектеседі. Сондықтан бұл бағдарламаның маңызы зор, - деген ол келер оқу жылында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алатын болады.

Өзге сарбаздар да сыйдан құр қалған жоқ. Оларға грамоталар мен сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ ерекше көзге түскен сарбаздардың аналарына да құрмет көрсетіліп, Алғыс хат пен Ардагерлер кеңесі атынан «Отан қорғаушының анасы» төс белгілері табысталды. Шара соңы әскери бөлім қызметкерлері ұйымдастырған концертке ұласып, айтулы күннің ажарын аша түсті.

Құқықтық тәртіп әскері қатарында шыңдалып, азаматтық өмірге қосымша мамандықпен оралғалы тұрған сарбаздардың алдағы ғұмырларына тек қана сәттілік тілейміз!

Подполковник Бақыт ӘЛІПБАЕВ,

Алматы қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -