Швейцарияның Женева қаласында өнеркәсіптік авариялардың трансшекаралық әсері туралы Конвенция Тараптары конференциясының 13-ші кеңесі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Дәулет Сейілханов қатысты.
Аталған конференцияға 55-тен астам елден, халықаралық ұйымдардан, бастамалар мен институттардан 130-ға жуық делегат қатысты.
Конференция жұмысы аясында тараптар жаһандық энергетикалық ауысу жағдайында туындайтын тәуекелдерді жою үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруды талқылады. Климаттың өзгеруінің өсіп келе жатқан әсеріне жауап ретінде Тараптар Конференциясы тау жыныстарының қалдықтары мен үйінділерінің қауіпсіздігіне, соның ішінде олардың трансшекаралық әсеріне байланысты тәуекелдерді жоюдың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар проблемаларды жою және табиғи апаттар қаупін азайту бойынша алдын ала шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін спутниктік мониторингтің озық құралдары көрсетілді.
«Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті жақсарту үшін экономиканың барлық елдері мен секторларының серіктестерімен жұмыс істеу және ынтымақтастық біздің қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Өнеркәсіптік авариялардың трансшекаралық әсері туралы Конвенция өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық қатынастар жүйесінде тиімді құрал болып табылады», - деп Дәулет Сейілханов атап өтті.