Семейде әскерилер қоян-қолтық ұрыстан сынға түсті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Абай гарнизонында орналасқан 74884 әскери бөлімінде қоян-қолтық ұрыстан кіл мықтылар анықталды. Бөлім командирінің кубогы үшін өткен турнирге 60-тан астам офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатысты.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарыста әскери спортшылар жеті салмақ дәрежесінде бақ сынады.
"Дүбірлі додада жеңімпаз атанғандарға алдағы уақытта өткізілетін ҚР Қарулы күштері чемпионатына жолдама беріледі. Аталмыш чемпионат келер жылдың қаңтар айына жоспарлануда" 74884 әскери бөлімінің армиялық жекпе-жек ұрысының нұсқаушысы подполковник Нұржан Тұрымов
Сайыстың салтанатты жабылу барысында 74884 әскери бөлімінің командирі подполковник Ризван Кайранов сөз алып, әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығында қоян-қолтық ұрыстың маңызы зор екенін атап өтті. Ол чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, жарыстың қатысушыларына алғысын білдірді, алдағы сайыстарға жеңіске жетуде табандылық тіледі.
Командалық есепте жеңімпаз атанғандар 74884 әскери бөлімінің командирі атынан кубокқа ие болды. Ал сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, грамоталармен марапатталды.