Қазақстандағы Porsche-нің ресми импорттаушысы, Orbis Auto автомобильдік тобының құрамына кіретін компания, Macan үлгісінің екінші буынын ұсынды. Бұл буын толығымен электрлі болып табылады. Қазақстан нарығында толығымен электрлі Porsche Macan барлық қолжетімді төрт нұсқада – Macan, Macan 4, Macan 4S және Macan Turbo ұсынылған. Көліктерге тапсырысты қазірдің өзінде Porsche Centre Almaty және Porsche Centre Astana орталықтарынан беруге болады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанда толығымен электрлі кроссовердің бағасы Macan моделінен 85 505 еуродан басталады. Macan 4 нұсқасы 89 340 еуродан жоғары, Macan 4S 96 953 еуродан, ал Macan Turbo 123 915 еуродан басталады.
Қазақстандағы Porsche-нің ресми импорттаушысының директоры Гаухар Ғабдрахимова былай деп атап өтті: «Толығымен электрлі жаңа буын Porsche Macan-ның сәнді әрі динамикалық нұсқалары қазақстандық сатып алушыларға қолжетімді. Олар брендтің үздік дәстүрлеріне сай жайлылықтың, қолайлылық пен инновацияның жаңа стандартын ұсынады».
470 кВт-қа дейінгі (639 а.к.) қуатты күштік қондырғылармен жабдықталған жаңа Macan кез келген жол жабынында жоғары электрлі өнімділік пен күнделікті қолданысқа қолайлылықты қамтамасыз етеді. Спорттық автомобильге тең келетін техникалық көрсеткіштер 270 кВт-қа дейінгі жоғары жылдам зарядтау мүмкіндігімен және WLTP циклі бойынша 613 км-ге дейінгі жүріс қорымен толықтырылған.

Жаңа толығымен электрлі Macan моделінде Porsche алдыңғы және артқы осьтерге тұрақты жетекті қамтамасыз ететін PSM электромоторларының соңғы буынын қолданады. Бұл шешім жоғары тиімділік пен оңтайлы қуат береді. Техникалық сипаттамаларға көз жүгіртсек, Launch Control жүйесімен Macan 4 қуаты 300 кВт-қа (408 а.к.) дейін жетсе, Macan Turbo 470 кВт-қа (639 а.к.) жетеді. Максималды айналу моменті 650 және 1130 Нм құрайды, бұл тамаша динамикалық қасиеттерге кепілдік береді. Porsche Macan модельдік қатарындағы ең жылдам нұсқа – жүріс қоры 641 км-ге жететін Macan Turbo, ол 0-ден 100 км/сағ-қа небәрі 3,3 секундта үдейді. Ал Macan 4 бұл жылдамдыққа 5,2 секундта жетеді. Аталмыш үлгілердің ең жоғары жылдамдығы тиісінше 260 және 220 км/сағ.
800 вольтты архитектурасы бар PPE жаңа платформасы
Электрқозғалтқыштарды 100 кВт⋅сағ сыйымдылығы бар литий-ионды аккумулятор қуаттандырады, оның 95 кВт⋅сағ-қа жуығы белсенді пайдалануға қолжетімді. Бұл жоғарывольтты аккумулятор – жаңа Macan-да Porsche алғаш рет қолданған 800 вольтты архитектурасы бар PPE (Premium Platform Electric) платформасының негізгі элементі. Тұрақты токпен жылдам зарядтау қуаты 270 кВт-қа дейін жетеді. Жылдам зарядтау станциясында аккумуляторды 10%-дан 80%-ға дейін 21 минутта толтыруға болады. Үй жағдайында айнымалы токпен 11 кВт-қа дейінгі зарядтау қолжетімді. WLTP циклі бойынша жүріс қоры Macan 4 үшін 613 км-ге дейін, Macan Turbo үшін 591 км-ге дейін жетеді.
Спорттық пропорциялар және «купе» сызықтары
Porsche-дің ұқыпты есептелген пропорциялары мен жаңартылған дизайн тұжырымдамасының арқасында жаңа Macan модельдері айбынды әрі динамикалық көрінеді. Жаңа Macan Porsche отбасының фирмалық стиліне сай оңай танылады. Сонымен қатар, Porsche-дің классикалық пропорциялары жетілдіріліп, электромобиль талаптарына икемделген, бұл Macan-ның спорттық, заманауи және серпінді бейнесін одан әрі айқындай түседі.

Капоттың сәл еңкіштігі мен айқын қанаттары кроссоверге статикалық күйде де серпінді кейіп береді. Көліктің ұзындығы 4784 мм, ені 1938 мм, биіктігі 1622 мм. Жаңа Macan алдыңғы және артқы осьтерге әртүрлі өлшемді шиналармен жабдықталған, дөңгелек диаметрі 22 дюймге дейін жетеді. Дөңгелек базасы 86 мм-ге ұлғайып (2893 мм), алдыңғы және артқы қысқа тіректермен үйлесіп, модельдің спорттық сипатын одан әрі аша түседі. Шамдар екі блокқа бөлінген: жоғарғы жалпақ блок қанаттарға кіріктірілген төрт нүктелі күндізгі жарық шамдарынан тұрса, негізгі матрицалық жарықдиодты модуль сәл төменірек орналасқан. Flyline деп аталатын кузов сызығы жалпақ артқы әйнекке жалғасып, жақтаусыз терезелермен және айқын бүйірлік беттермен үйлесімділік құрайды, осылайша әдемі спорттық бейне қалыптастырады.
Жүріс қорын арттыруға арналған белсенді және бәсең аэродинамика
Porsche танымал дизайн ДНҚ-сын аэродинамикалық тиімділікпен сәтті үйлестіріп, жүріс қорын ұлғайтады. Белсенді және бәсең элементтері бар Porsche белсенді аэродинамика жүйесі (PAA), сондай-ақ 0,25-тен аспайтын аэродинамикалық кедергі коэффициенті жаңа Macan-ды нарықтағы ең аэродинамикалық кроссоверлердің біріне айналдырады.

Екі жүк бөлімі және кең салон
Жаңа Macan күнделікті қолданысқа қажетті практикалықтықты, жоғары техникалық сипаттамаларды, инновациялық жабдықты және кең салонды біріктіреді. Электрлі нұсқада жүк орны ұлғайтылған: багаж бөлімінің көлемі модель мен жинақталымына байланысты 540 литрге дейін жетеді. Капот астында да көлемі 84 литрлік қосымша жүк бөлімі бар, бұл алдыңғы үлгіге қарағанда 136 литрге көп. Артқы орындықтың арқасын толық бүктегенде жүк орнының көлемі 1348 литрге дейін өседі. Жаңа Macan-ның практикалық мүмкіндігі 2000 кг-ға дейінгі тіркемені буксирлеу қабілетімен толықтырылған.

Жүргізуші мен алдыңғы жолаушының отыру деңгейі 28 мм-ге, артқы жолаушылардыкі 15 мм-ге төмендетіліп, аяққа арналған кеңістік арттырылды. Дегенмен салон интерьері Porsche-дің фирмалық стилін сақтай отырып, жеңілдікті, әсемдікті және технологиялық мүмкіндіктерді үйлесімді ұштастырады. Сандық интерфейстер желдету мен кондиционер сияқты аналогтық басқару элементтерімен сәтті үйлесім тапқан. Салон мен есіктердің әрленуіне енгізілген жарықдиодты жарықтандыру тек жарық беріп қана қоймай, ақпарат беру немесе ескерту (мысалы, қарсы алу кезінде немесе зарядтау барысында) қызметін де атқара алады.
Driver Experience: жоғары есептеу қуаты және байланыс мүмкіндіктері
Жаңа Macan соңғы буындағы үш экранды дисплей және басқару жүйесімен жабдықталған: 12,6 дюймдік аспаптар панелі және 10,9 дюймдік орталық дисплей. Алғаш рет жолаушы көлік қозғалып келе жатқанда да ақпараттық-ойын-сауық жүйесінің баптауларын басқаруға, ақпаратты қарауға немесе қосымша 10,9 дюймдік экранға бейнеконтентті трансляциялауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ Porsche Driver Experience жүйесіне алғаш рет толықтырылған шынайылық технологиясы бар проекциялық дисплей енгізілген.

Артқы осьтен басқарылатын және екі клапанды амортизаторлы алғашқы Macan
Macan-ды әзірлеу барысында Porsche жүргізу динамикасы мен басқару сезіміне баса мән берді. Macan толық жетекті, электромоторлары қуатты электроникамен іс жүзінде нақты уақыт режимінде басқарылады. Porsche-дің электрондық тарту бақылау жүйесі (ePTM) дәстүрлі жүйелерге қарағанда бес есе жылдам жұмыс істейді және сырғанауға небәрі 10 миллисекундта әрекет етеді. Сонымен қатар тарту күшінің бөлінуі жүргізу режиміне байланысты реттеледі. Porsche Plus (PTV Plus) айналу моментін векторлау жүйесі — артқы осьтегі электронды дифференциалды құлып — Macan Turbo-ның ілінісуін, тұрақтылығын және бүйірлік динамикасын жақсартады.

Пневматикалық аспалы Macan (Turbo нұсқасында стандартты) Porsche белсенді аспа басқару жүйесімен (PASM) жабдықталған, бұл жүйе болат серіппелермен де үйлесімді жұмыс істейді. PASM жүйесінде екі клапанды технологиясы бар амортизаторлар қолданылады, бұл түрлі жүргізу режимдері арасындағы айырмашылықты айқынырақ сезінуге мүмкіндік береді.
Алғаш рет Macan үлгісінде артқы осьтен басқарылатын руль жүйесі қолжетімді, ол бес градусқа дейін бұрылыс жасай алады. Бұл қалада жүру мен маневр жасау кезінде көліктің бұрылу радиусын 11,1 метрге дейін қысқартады және жоғары жылдамдықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Айта кетерлігі, 2014 жылдан бері Porsche әлем бойынша 800 000-нан астам Macan үлгісін жеткізді. Бұл табысты тарихты енді нөлдік көмірқышқылдық шығарындылармен жұмыс істейтін Лейпцигтегі Porsche зауытында шығарылатын толығымен электрлі жаңа автомобиль жалғастырмақ.