Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі шараларды күшейтуде

5610
Фотосурет: Gov

Қазақстан СІМ-де экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде ҚР СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Нәдірқұлова мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмади Сарбасовтың тең төрағалығымен «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органы жанындағы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакті бойынша кіші топтың отырысы өтті.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мүдделі министрліктердің өкілдері, қазақстандық құқық қорғау үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ алаңның қонақтары – БҰҰ Даму бағдарламасының, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық одақ өкілдігінің өкілдері қатысты.

А.Сарбасов БҰҰ-ның Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің орындалуы туралы ҚР Екінші ұлттық баяндамасын қорғау қорытындылары бойынша 2019 жылы берілген ұсынымдардың іске асырылу барысы туралы баяндама жасады. Атап айтқанда, ұсынымдарды орындау шеңберінде БҰҰ Комитетінің ұсынымдарында көрсетілген бірқатар шаралар мен нормаларды көздейтін Әлеуметтік кодекс, 2027 жылға дейінгі Көші-қон саясатының тұжырымдамасы, 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы және Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар қабылданды.

Отырыс барысында «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова Әмбебап кезеңдік шолудың төртінші циклі шеңберінде Қазақстандық үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының коалициясы дайындаған № 7 Балама баяндамасын ұсынды. Баяндама экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтарды, сондай-ақ білім беру құқығын қамтамасыз ету мәселелерін қамтиды. Атап айтқанда, қазақстандықтардың жеткілікті өмір сүру деңгейі, оның компоненттері мен бағалау критерийлері туралы ережені заңнамалық деңгейде қабылдау қажеттілігі аталып өтті.

Жалпы, күн тәртібін талқылау ашық және сындарлы сипатта болды. Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері проблемалық мәселелерді тыңдап, Қазақстан Республикасы азаматтарының экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын жүйелі жақсарту үшін практикалық ұсынымдар берді.

«Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органы 2013 жылы ҚР СІМ бастамасымен құрылдыАлаң Үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты ілгерілетудің тиімді құралы болып жұмыс атқарады. Алаңда халықаралық ұйымдар (БҰҰ ДБ, БҰҰ БЖКБ, ЕҚЫҰ және т.б.) өкілдерінің байқаушылар ретінде қатысуымен адам құқықтарын қорғаудың әртүрлі өзекті мәселелері талқыланады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -