Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының базасында әскердің батальон буынының офицерлері арасында “Үздік әдіскер — батальон командирі", "Үздік әдіскер — штаб бастығы", "Үздік әдіскер — батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары" байқауының ақтық кезеңі өтуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты — әскери істегі озық тәжірибені насихаттау, сондай-ақ жеке құрамды оқыту және тәрбиелеуде кәсіби шеберлікті жетілдіру болып табылады.
Байқаудың шешуші кезеңі 2024 жылдың 13 желтоқсанына дейін жалғасады. Оған әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтарда өткен алдыңғы екі кезеңде іріктеуден өткен 17 офицер қатысуда.
Ашылу салтанатында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов құттықтау сөз сөйледі.
- Қарамағындағылардың қызметтік-жауынгерлік міндеттерді сәтті орындауға дайындығы көбінесе командирлердің кәсібилігіне байланысты. Қолбасшы Бауыржан Момышұлы атап өткендей: “Командир асығыс шешім қабылдайтын да, шешім шығарудан тайсақтайтын да болмауы керек". Әділ әрі байыпты болғаны абзал. Байқау барысында сіздер тестілеу мен жазбаша сынақтарды тапсыру кезінде парасаттылық, сондай-ақ практикалық тапсырмаларды орындау кезінде табандылық көрсетесіздер деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін, әр номинацияның өз мықтысы жеңіске жетсін деп тілеймін, - деді Бауыржан Садықұлы.
Ақтық сынның алғашқы күнінде қатысушылар Бас қолбасшылық базасында мемлекеттік-құқықтық даярлық бойынша тестілеуден өтті. Сондай-ақ елордалық 5573 әскери бөлімінде Макаров тапаншасынан ату бойынша сынақтар, әскери-медициналық даярлық бойынша нормативтер тапсырды.
Үміткерлер үш күн ішінде мынадай оқыту пәндері бойынша: мемлекеттік-құқықтық даярлық, қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, тактикалық-атыс даярлығы, дене шынықтыру даярлығы, жалпыәскери жарғылар, мемлекеттік тілді және басшылық құжаттарды білуден білім мен біліктілік көрсетеді.
Байқау қорытындысында номинациялар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының дипломдарымен, кубоктармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.