Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына келді. Президент өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бүгін Мемлекет басшысы «Талдықорған» индустриялық аймағына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары «Талдықорған» индустриялық аймағында орналасқан «ASMA INDUSTRIAL» өндірістік аккумулятор шығару зауытының жұмысымен танысудан басталды.
Құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын жоба былтыр қолға алынып, алдымен ғимараты жаңартылған. Бюджет қаражатына электр жабдықтары орнатылып, кәріз және газдандыру желілері тартылған. Аумағы 14,3 гектар болатын зауыт биылғы 6 желтоқсан күні іске қосылды.
Президентке өндіріс орнын таныстырған «ASMA INDUSTRIAL» ЖШС құрылтайшысы әрі зауыт директоры Серікбай Ажмағамбетовтің айтуынша, мұнда мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінде, телекоммуникацияда, теміржол саласында, сондай-ақ «жасыл» энергетикада үздіксіз энергия көзі ретінде қолданылатын өндірістік аккумулятор батареялары шығарылады.
Мемлекет басшысына баяндалған мәліметтерге сәйкес, зауыт толық қуатына шыққанда 180 жұмыс орны құрылып, жылына 210 мың аккумулятор өндіреді. Дайындалған өнімнің 60 пайызын ТМД және Балтық елдеріне экспорттап, қалған 40 пайызын отандық нарықта сатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ іске қосылған алғашқы жылы бюджетке 500 миллион теңгеден астам салық төлейді.
Зауытқа қажетті шикізаттың басым бөлігі Қазақстан кәсіпорындарынан сатып алынады. Атап айтқанда, «Казцинк» ЖШС-тен қорғасын, «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ-дан күкірт қышқылын алса, сепаратор мен полипропиленді Қытайдан импорттайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесіп, еліміздегі өндірістің рөлі туралы айтты.
"Мемлекет мықты болсын десек, ең алдымен, өңірлеріміз қуатты болуы керек. Өндірісі дамыған елге айналу үшін осы салаға көңіл бөліп отырмыз. Стратегиялық маңызы бар Жетісу облысына ерекше назар аударамыз" Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұдан кейін Мемлекет басшысы облыстағы кәсіпорындардың жетекшілерімен кездесіп, пікір алмасты. Сондай-ақ отандық бизнесті қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты екенін жеткізді.