Мемлекеттік инспекторлар: азаматтарды әлеуметтік қолдау сапасын арттырудағы рөлі

3927
Фотосурет: Gov

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің (бұдан әрі – Комитет) төрағасы Төлеген Оспанқұлов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2024 жылғы мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сөз басында ол әлеуметтік инспекторлар институттары көптеген елдерде бар екенін және азаматтарды әлеуметтік қолдау сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын, сондай-ақ осы саладағы стандарттардың сақталуын нақты бақылай отырып, тиімді және ашық әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстанда әлеуметтік инспекторлар институты көрсетілетін қызметті берушілердің әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманы сақтауын бақылауды күшейту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін 2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс күшіне енген сәттен бастап енгізілді. Бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қорғау саласында 111 мемлекеттік инспектор қызмет етуде.

«Әлеуметтік қорғау инспекторлары қызметінің негізгі бағыты мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

Әлеуметтік инспекторлардың функцияларына олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік қорғау туралы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кіреді», - деді Төлеген Оспанқұлов.

Әлеуметтік инспекторлар тексеру нәтижелері негізінде бақылау субъектісіне анықталған бұзушылықтарды жою, алдын алу, болдырмау және алдын алу бойынша орындалуы міндетті нұсқамалар шығарады және өрескел бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұл салады.

«Бүгінде елімізде 730 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, олар жалпы халық санының 3,6%-н құрайды.

2024 жылдың 11 айында әлеуметтік инспекторлар 2 474 тексеру жүргізді, оның ішінде 2 307-і мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша және 167-і арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі –АӘҚ) көрсету бойынша болды. 629 тексеру профилактикалық бақылау шеңберінде, 655 жоспардан тыс және   прокуратураның талабы бойынша 1190 тексеріс жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті берушілерге 949 ұйғарым беріліп, 215 млн теңгеден астам сомаға 961 айыппұл салды. Тексерулермен: 174 әкімдік, 167 АӘҚ көрсету орталығы, 88 емхана мен аурухана, 11 оңалту орталығы, 468 балабақша, 802 мектеп, 144 лицей мен колледж, 110 жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары, 39 сауда үйі, 12 банк және т. б. қамтылған», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Комитет төрағасы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік бойынша негізгі бұзушылықтар: пандустың болмауы; пандустың көлбеу бұрышының, сондай-ақ есік енінің нормативтерге сәйкес келмеуі; кіру тобында тұтқалардың болмауы; санитариялық-тұрмыстық орындардың бейімделмеуі; мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы тұрақ орындарының, көрсеткіштердің, көру қабілеті бұзылған адамдар үшін қарама-қарсы бағыттаушылардың болмауы болып табылатынын атап өтті.

АӘҚ көрсететін кейбір ұйымдарда ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі, сондай-ақ тұрғын үй-жайлар алаңының талап етілетін стандарттарға сәйкес келмеуі анықталды. Бұдан басқа, тамақтану нормалары мен талаптарын сақтау, дәрілік заттарды тағайындау және беру, бейнебақылау камераларын орнату, көрсетілетін қызметті алушылардың жеке істерін жүргізу, штаттық персоналды толтыру, жиһазды, жабдықты, қатты және жұмсақ құралдарды, киім мен аяқ киімді, көлік құралдарын ауыстыру қажеттілігі бөлігінде бұзушылықтар анықталды.

Төлеген Оспанқұлов мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғаудың негізгі бағыты объектілерді бейімдеу болып табылатынын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, 2023-2027 жылдарға арналған «Аманат» партиясының жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын объектілердің 20%-ы бейімделуге жатады. 2024 жылы 40% немесе 17 325 нысанды бейімдеу жоспарланған 2025 – 60%, 2026 – 80%, 2027 жылы – 100%.

«Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 22 166 нысан немесе қол жетімділік картасына енгізілгендер санының 51,8% (жоспар бойынша 40%) толығымен бейімделген. Оның ішінде 3,4 мыңға жуық денсаулық сақтау объектілері, 7,5 мыңнан астам білім беру объектілері, 3,3 мың мекемелер мен ұйымдар, 1,8 мыңнан астам мәдениет объектілері, 4 мыңнан астам сауда, қызмет көрсету, ойын-сауық салалары объектілері және т. б.

Сонымен бірге өңірлік аспектіде жоспарлыдан төмен көрсеткіштер Маңғыстау (36%) және Ұлытау (28%) облыстарында байқалды», – деді Комитет төрағасы.

Төлеген Оспанқұлов осы жылдың тамыз айында тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы тексеру парағы бекітілгенін айтты. Осы бағыттар бойынша тексерулер 2025 жылдың басынан басталады.

«Әлеуметтік төлемдерді алушыларға уақтылы және дұрыс тағайындау және аудару бөлігінде халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласы тексерілетін болады. Бақылау субъектілері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ, сондай-ақ олардың филиалдары болып табылады, олардың қызметі 12 критерий бойынша бағаланатын болады», – деді ол.

Қорытындылай келе Төлеген Оспанқұлов Комитет жұмысының тағы бір бағыты 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘҚ көрсететін ұйымдарды лицензиялау болатынын хабарлады.

«Лицензиялауды енгізу халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Лицензия беру кезінде материалдық-техникалық база мен жабдықтың, медициналық лицензияның, өрт қауіпсіздігі лицензиясының болуы, бейімделген ғимараттың болуы, қызметкерлердің толық штаты және т. б. ескерілетін болады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында сапалы қызмет көрсетуге мүдделі емес ұйымдар сүзіледі.

Қазіргі уақытта әлеуметтік инспекторлар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, АӘҚ көрсететін ұйымдардың лицензиялауға дайындығын талдау бойынша жұмыс жүргізуде. Лицензиялауға өтінімдер 26 желтоқсаннан бастап қабылданады», – деп түйіндеді Төлеген Оспанқұлов.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -