Алматы бригадасының көлемі де, әлеуеті де уақыт талабына сай кеңейіп келе жатқаны рас. Оның бөліністері де алып шаһардың әр бөлігінде орналасқан. Құраманы тұтас бір жерге шоғырландыру алдағы күннің жоспарында, сол үшін мақсатты жұмыстар да жасалып жатыр. Айтпағамыз бұл емес. Осы әскери бөлімнің Алатау қаласына қарасты Жетіген кентінде орналасқан 5 жедел мақсаттағы батальонның жауынгерлік қамтамасыз ету ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, биылғы сайыста өңірлік қолбасшылық бойынша рота деңгейінде үздік болып танылған тәрбиеші офицер лейтенант Бекжан Ахметқали туралы әңгімелейміз.
Бекжан Арманұлы 2002 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Балалық шағы өзінің туған қаласы Өскеменде өткен. Бала кезінде әкесі қасынан тастамай, қайда барса, алып жүретін. Демалыстарда әкесімен балық аулауға, аңшылық құруға бірге баратын. Ол 2019 жылы Өскемендегі № 3 мектеп-гимназияны аяқтаған соң, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан Академиясына түсіп, оны 2023 жылы тәмамдаған. Әскери адам болу – Бекжанның бала кезгі арманы еді. Мектептегі алғашқы әскери дайындық сабағы оның қызығушылығын одан сайын арттыра түсті. Әскери форма, әскери өмір, әскери тәртіпке қызығушылығы оның әскери оқу орнына қарай жетелеген еді.
2023 жылы Академияның жас түлегі Алматыдағы 5571 әскери бөлімінің взвод командирі лауазымына тағайындалады. Қызметін жақсы атқарып жүрген жас лейтенант бірден көзге ілініп, жарты жылдан соң, оны рота командирінің орынбасары лауазымына ауыстырады. Лейтенант Бекжан Ахметқали жас маман болса да, ұжымды ұйымдастыруда, сарбаздарды тәрбиелеуде, әскери қызметшілермен қарым-қатынас жасауда, әркімнің де тілін тауып, сауатты да білімді офицер екенін көрсетуде.
- Мен, ең алдымен, өзімнің ұстазым деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлын атаймын. Бала кезімнен ол кісінің аңызға айналған ерлігі мен батылдығына тәнті болып өстім, шығармаларын көп оқыдым. Қанатты сөздерін жаттап жүрдім. Әсіресе «Ұшқан ұя» деген кітабын жастанып оқыған едім. Батыр туралы жазушы Әзілхан Нұршайықовтың жазған «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогін, келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты кітабын оқып шықтым. Бауыржан Момышұлының мінезі, әділдігі, ұстанған өмірлік принциптері мен үшін болашағыма бағдар болды, - дейді Бекжан Арманұлы.
Лейтенант Бекжан Ахметқали тәрбиеші офицер ретінде өз ротасының әрбір сарбазының қажеттіліктерін біліп, әр мәселеге терең үңілуге тырысады. Ротадағы әлеуметтік жағдай оның назарынан тыс қалған емес, әскери қызметшілердің отбасындағы тұрмыстық және басқа да мәселелер болса, шешімін табуға көмек беріп, ақыл-кеңесін де аямайды. Жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеуде, ең алдымен, әскери қызметші құқықтарының қорғалуы туралы айтады. Жеке құрамға қамқорлық көрсете отырып, ол басшы ретінде қарамағындағыларға талап қоя да біледі. Бекжан Аманұлы кешіккенді ұнатпайды. Кешігу – біреудің уақытын ұрлаумен тең дейді ол. Сондықтан адам ең алдымен өзін тәртіпке үйрету керек деп талап қояды. Мінезін шыңдаған адамның сыртқы келбеті де жинақы болады. Киім киісі, жүріс-тұрысы әскери адамға сай болу керек, сыртқы бейнеңмен әскери қызметші деген абыройлы ұғымның беделін түсірмеу керек деп есептейді. Сонымен қатар жас офицердің ұстанымы – білімді болу, көп оқудан, үйренуден жалықпау, қандай жағдайда да сауатты шешім таба білу. Офицердің әділ болуы, батыл шешім қабылдай білуі, қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындауда жеке құрамды соңынан ілестіре алуы нағыз командирдің қасиеті деп, өзі соған лайық болуға тырысады.
Бекжан Аманұлының жақсы адам болып қалыптасуы – отбасындағы тәрбиеден екені сөзсіз. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қағидамен өмір сүретін отбасыдан нағыз тәрбиелі азамат өсіп шыққан. Бекжан әке-шешесінің тұңғышы, өзінен кейін екі қарындасы бой түзеп, өсіп келеді. Бекжанның жеке құрамға деген қамқорлығы – сол қарындастарына деген қамқорлық сезімінен бастау алса керек.
Генерал болуды армандайтын лейтенант Бекжан Ахметқалидың қызметіне сәттілік тілейміз! Мақсаттарыңызға жету жолында өмірлік ұстаным мен өнегелі тәрбиеңіз, темірдей тәртібіңіз оң бағыт-бағдар болады деп сенеміз!
Запастағы подполковник Данара Баймағанбетова, Алматы қаласы