Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта құру

1936
Фотосурет: Gov

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Қарағанды облысында 1080 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуге жатады. Осылайша, 2023 жылы – картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді.  Қазіргі уақытта ел бойынша 22 777 нысан толықтай бейімделген.

2024 жылдың соңына дейін Қарағанды облысы бойынша 691 нысанды бейімдеу жоспарланған, өңірде жоспар артығымен орындалып, 1080 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді.

Мәселен, өңірдегі 1080 нысан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімді. Олардың ішінде:

- денсаулық сақтау нысандары – 129;

- білім беру объектілері – 279;

- мәдениет нысандары – 191;

- сауда және қызмет көрсету объектілері – 124;

- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 229;

- спорт нысандары – 31;

- көлік инфрақұрылымы объектілері – 10;

- әлеуметтік қорғау объектілері – 9;

- басқалары – 78.

«Қарағанды қаласындағы Бұқар Жырау даңғылының бойындағы «Шахтер» стадионынан теміржол вокзалына дейінгі жүргіншілер жолын мысалға келтіргім келеді. Жаңа төсеніштер тегіс төселген, көлбеу бұрыш қауіпсіз жүріп, түсуге ыңғайлы. Осының арқасында мен Нұркен Әбдіров спорт сарайына, Қарағанды қаласының орталық саябағына, Кеншілер мәдениет сарайына, «City Mall» СОО-на және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандарға емін-еркін бара аламын. Сондай-ақ, көптеген автобустар пандустармен жабдықталған, қоғамдық көліктерде, яғни автобустарда мүгедектігі бар адамдар үшін жол жүру ақысы тегін. Жалпы, Қарағанды қаласында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр деп айта аламын және бұдан әрі тек жағдай жақсара түсетініне сенемін», – деп бөлісті өз ойымен бірінші топтағы мүгедектігі бар азамат Найман Жақсығорин.

 Сонымен қатар 2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бақылау шеңберінде Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 134 тексеру жүргізді, оның ішінде: 43-і  профилактикалық бақылау шеңберінде, 52-і  жоспардан тыс 39-ы прокуратура органдарының талабы бойынша болды.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 68 ұйғарым берілді, 11,8 млн теңгеден астам сомаға 67 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -