21- ақпан күні Орал қаласында орналасқан “City Center” сауда орталығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінің оркестрі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған “Ұлы Жеңіске 100 күн қалғанда” атты акция аясында соғыс жылдарындағы патриоттық әндерді орындады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, ардагерлерге құрмет көрсету.
Оркестрдің орындауында шырқалған “Катюша”, “Смуглянка” сияқты әндер көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Күтпеген музыкалық тартуды тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтары өнерпаздарға ризашылықтарын білдіріп, ерекше ықыласпен қабылдады. Жиналған қауым патриоттық әндерге қосылып, әскерилермен бірге ән шырқады.
– Бұл әндер біздің жүрегімізге жақын. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақ соғыстың қандай ауыр кезең болғанын түсінеді. Өнерпаздарға алғысымыз шексіз, – деді қала тұрғыны Бекболат Мырзабеков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Әскери оркестр қаланың әртүрлі орындарында концерттер ұйымдастырып, патриоттық рухты көтеруді көздеп отыр.