Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры

24211
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» деп дана халқымыз айтқандай, елдің мәртебесі ана сүтімен дарыған тілмен, бабаларымыздан бері ұстанған дінмен, ділмен және ғасырдан ғасырға мұра болған салт-дәстүрімізбен өлшенеді. Мейлі, еліңнің экономикалық әлеуеті алдыңғы қатардағы дамыған он мемлекеттің қатарына кірсін, бірақ сол жерге кіндік қаны тамған азаматыңның өз ана тілінде  ойламаса, сөйлемесе, онда мәртебелі елдің құны қанша?! Өзге тілде сайрап, қолы қалт етсе, басқа тілдерді меңгеруге ұмтылған кейбіреудің өз тілін үйренуге  уақытын арнамайтыны қандай өкінішті...Десе де, империялық сұрапыл саясаттың ызғарынан соң, қазіргі уақытта өз-өзіне енді келіп, мемлекетіміз тарапынан өз тіліміздің мәртебесін арттыруға көңіл бөлініп жатыр. Тіліміздің мәртебесін көтерудің негізгі тетіктерінің бірі - мемлекеттік қызметшілерді оқыту. Бұл арқылы түрлі кәсіби салаларда тіліміздің қолданылу аясын кеңейту. Осы орайда мемлекеттік тілді еңгізу саясатының Ұлттық ұландағы аяқ алысын өз ісінің маманынан білген абзал.

Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің тіл саясаты бойынша әскери қызметкері лейтенант Бекжан Мәлік 1994 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Арыс қаласындағы №32 орта мектебін тәмамдап, Шымкент қаласында орналасқан Аймақтық- әлеуметтік инновациялық универститетіне оқуға қабылданады. Алайда бір жылдан соң академиялық демалыс алып, «Ел қорғаны, ер аманаты» деген ата-бабамыздың сөзін жерге қалдырмай, Отан алдындағы борышын өтеуге бел буады. Аманатты сезініп, елім-жерім деп еміреніп, жақындарына қорған болу – халқымыздың ұландарына міндет. Осы артылған үмітті ақтау үшін кейіпкеріміз Ұлттық ұланның Семейдегі 5511 әскери бөліміне мерзімді әскери борышын өтеу үшін аттанады. Абайдай хакім, Шәкәрімдей абыз, Мұхтардай кемеңгер туған киелі мекен игі дүниеге бастайтын тың істерге, асқақ армандардың орындалуына қанат бітіретіні хақ. Осы тұста жалындап тұрған жас күнін еліне, туған жеріне қызмет етсем деп келісім шарт бойынша құқықтық тәртіп әскерлері қатарында қалуға шешім қабылдайды.

- Лейтенант мырза, Ұлттық ұлан сапында қай жерлерде қызмет атқардыңыз?

- 2014 жылы мерзімді әскери қызметім аяқталған соң, Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Жаңғызтөбедегі 6699 әскери бөліміне қарасты атқыштар батальонында әскери мансабымды бастадым. Әуелі бақылаушы маман ретінде әскердегі алғашқы жылдарым өтті. Одан соң бөлімше командирі лауазымына тағайындалып, кейін 2020 жылға дейін қарауыл бастығының көмекшісі қызметін атқардым. Дегенмен штаттық қысқартуға байланысты Жаңғызтөбеден Шемонаихаға ауыстым. Ол жерде жеке атқыштар ротасында бөлімше командирі лауазымында қызметте болдым. Ауыс-түйістер әскерде қалыпты жағдай. Жалпы айтқанда, қай жерде, қай әскери бөлімде болмасын өзіңді тек жақсы жағынан көрсету, әрдайым жаңа дүниені қабылдауға ұмтылу, жаңа белестерді бағындыруға талпыну ең басты мақсат деп білемін. Кіндік қаным тамған жерден алыс жүрсем де, туған мекенімде аяқтамаған жоғарғы оқу орнымды жалғастырып, бір мамандық иесі атану мен үшін маңызды болды. Осылайша алдыма қойған мақсатыма жетіп, заңгер мамандығын алып шықтым.

- Ал енді қазіргі уақыттағы лауазымыңыз туралы айтып өтсеңіз.

- Келісімшарт бойынша әскери қызметші болып, еліміздің шығысындағы қос қала Өскемен мен Семейде еңбек жолымды бастаған менің өз туған өлкемде қызметімді жалғастырғым келді. Аға бастықтарымның өтінішімді қолдауының арқасында Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне ауыстым. Әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының мемлекеттік тілді еңгізу бойынша аға көмекші міндетін атқарамын. Ол жерде мен әскери бөлімде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, қаламыздағы тілдер дамыту орталығы, кітапханалар мен жастар ресурстық орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнату бойынша жұмыс істеймін.

- Мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын әскери бөлімде кеңейту бойынша қандай шаралар қолданылып жатыр?

- Қазіргі уақытта 2023-2029 жылдар аралығында ана тіліміздің қолданыс аясын дамыту тұжырымдамасы бар. Нақты іс-шаралар белгіленген жоспарға сай өтеді. Одан бөлек Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков құқықтық тәртіп әскеріндегі барлық құжаттар мемлекеттік тілде әзірленсін деген бұйрығы қазақ тілінің мәртебесін бір көтеріп, жаңа серпін сыйлады. Ал енді мемлекеттік тілді еңгізу туралы кеңінен тоқталсақ, біздің әскери бөлімде жоспарға сай топқа бөліп оқыту жүйесін пайдаланамыз. Ол жүйе бойынша бастауыш, жалғастырушы және тереңдетілген топқа бөлінген әскери қызметшілер деңгейлеріне сай кезең-кезеңімен дәрістер алады. Аптасына сабақтар екі рет өтеді. Сабақтардың ұзақтығы бір сағат. Бастауыш топтағы өзге ұлт өкілдерінен құралған әскери қызметшілерге қаладағы тілдерді оқыту әдістемелік орталығының арнайы мамандары әскери бөлімге келіп, сабақ береді. Ол аптасына төрт рет болады. Одан бөлек 48 тарихтағы, әдебиеттегі шоқтығы биік тұлғалардан тұратын алгоритмге сай поэзиялық кештер, кітапханаларда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың барлығы сол тұлғалардың тағылымы мол өмірінен, өміршең туындыларынан сыр шертіп, еңбектерін насихаттауға бағытталған.

- Атқарылған жұмыстарымыздың нәтижесі деп нені санайсыз?

- Жалпы айтар болсақ, атқарылған жұмыстардың мәнісі, маңызы өте зор. Бір ғана бастауыш топтағы әскери қызметшілерді алып қарасақ, олардың жеткен жетістіктері көңіл қуантады. Әскери бөлімде, өңірлік қолбасшылықтарда және басқа Күш құрылымында өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты конкурс жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Ол сайыста әскери қызметшілер мемлекеттік тілде өздерін таныстырып, өнерлерін көрсетіп, қазақ тілінің құндылығын арттырып, үлкен нәтижелерге жетуде. Солардың бірі 6506 әскери бөлімінің психолог маманы Анастасия Ивашкина. Ол осы жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында өткен конкурста жүлделі ІІ орын иеленді. Республика күні қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құрмет грамотасымен марапатталды. Өз шәкірттерім де қалыс қалмай, қалалық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды. Оның бірі қатардағы Смағұл Жасұлан осындай байқауларда жеңіске жеткен алғашқы әскери қызметші саналады. Сол байқауда жүлделі ІІІ орынды тағы бір сарбазымыз Санатұлы Жасұлан қанжығасына байлады.

Өзіме келер болсақ, «Егемен ел патриоты» республикалық байқауының жеңімпазы атандым. Ол жердегі басты мақсат - жастардың қоғамдық жұмыстарын бағалау болды. Сайыста бір жыл көлемінде атқарған жұмыстарымды жібердім. Төрешілер алқасының жоғары пікіріне ие болып, еңбегім оң бағаланды. Бұлардың барлығы - атқарылған мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейту жұмыстарымыздың нәтижесі, жемісі деп білемін.

- «Мемлекеттің өзегі – оның мемлекеттік тілі» жайында өз ойыңызбен бөліссеңіз.

- Әр елдің тілі – сол ұлттың мәдениетін, тарихын, ұлттық болмысын көрсететін айна іспетті. Мемлекеттік тіл – халықты біріктіретін, елдің болашағын құрайтын, азаматтарын бір мақсатқа жетелейтін қуатты құрал. Оның дамуы мен сақталуы – тек тіл мамандарының ғана емес, әрбір азаматтың міндеті.

Мемлекеттік тіл – ол тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол ұлттық идея, мемлекеттің рухани негізі. Тілді сақтау арқылы халық өзінің мәдениетін, дәстүрін және құндылықтарын келер ұрпаққа жеткізеді. Бұл тек сөз жүзінде қалмай, елдің дамуының бір бөлігі болуы керек деп ойлаймын. Тілге деген құрмет, оны меңгеруге деген ынта – халықтың өз болашағына, ұлттық тұтастығына деген қамқорлығы деп түсінемін!

- Бәрекелді! Мемлекеттік тіл – ұлттың рухани айнасы, мәдени мұрасының алтын қазынасы. Ол халықтың тарихын, дәстүрін, дүниетанымын бойына жинақтаған мәңгілік құндылық. Мемлекеттік тілді құрметтеу – елді, жерді, ұлтты сүюдің айқын көрінісі. Тілдің өркендеуі – ұлттың өсіп-өркендеуімен тікелей байланысты, себебі тіл – ел бірлігінің тірегі, болашақтың бастауы. Олай болса мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясы арта берсін. Мәнді, маңызды, мазмұнды тақырыптарды талқылап, пікір алмасқаныңыз үшін алғысымды білдіремін.

Лейтенант Нұрдәулет Мергенбек, Астана қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -