Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» академиялық көптомдығы басылымы бойынша ғылыми-редакциялық алқаның көшпелі отырысы өтті. Жиында осыған дейін атқарылған жұмыс нәтижесі қорытындыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Екі апта бойы ғылыми-редакциялық алқа Қазақстан тарихы академиялық басылымы аясындағы жеті томның бастапқы қолжазбасын оқып шығып, ғылыми сараптама жасады.
Бұл іске көптомдық авторлары мен жетекшілері, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығы, еліміздің ғылыми-зерттеу институттарының, мемлекеттік архивтің өкілдері мен қызметкерлері, тарихшы ғалымдар мен сарапшылар атсалысты.
Көшпелі отырысты қорытындылай келе, Мемлекеттік кеңесші екі аптаға созылған бірлескен жұмыстың нәтижесінде Қазақстан ғылыми қауымдастығының өкілдері басылымның құрылымына және көптомдық қолжазбасының мазмұнына қатысты ұсыныстар бергенін айтты.
Ерлан Қарин алдағы уақытта ғылыми-редакциялық алқа ұсыныстарды қарап, оларды мұқият талдау және қолжазбаны редакциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізетініне назар аударды. Сондай-ақ редакциялық алқа жан-жақты ғылыми ұстанымға баса мән беруі керек екенін атап өтті. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, академиялық көптомдықты мерзіміне қарамастан сапалы етіп шығару өте маңызды.
«Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жаңа академиялық көптомдық ғылыми қауымдастықтың ұжымдық еңбегі саналады. Көптомдықты әзірлеу жұмысына еліміздің тарихшылары мен археологтарынан бөлек, этнологтары, мұрағат, мұражай қызметкерлері, географтар, лингвистер, сарапшылар және басқа да мамандар жұмылдырылды.
Көптомдықты әзірлеуге қатысты алдағы уақытта атқарылатын жұмыс аясында ғылыми форумдар, конференциялар өткізіліп, арнайы секциялар, дөңгелек үстелдер мен әдістемелік семинарлар ұйымдастырылады. Онда зерттеулердің ғылыми нәтижелері, отандық ғалымдар мен сарапшылардың, басқа да мамандардың ұсыныстары қарастырылады.