Астанада Бибігүл Төлегенованың 95 жас мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Астанада Бибігүл Төлегенованың 95 жасқа толуына орай салтанатты концерт өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырды.
Кеш шымылдығын мерейтой иесінің бейнеқұттықтау сөзі ашты. Архивтік бейнематериалдар, музыкалық шығармалар және әсерлі естеліктер кештің рухани мазмұнын айшықтай түсіп, жиналған қалың көпшілікке ерекше әрі жылы әсер сыйлады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Концерт бағдарламасында ұлттық және әлемдік музыкалық мәдениеттің жауһарлары шырқалды. Қазақконцерттің «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының, классикалық және эстрадалық өнер бөлімдерінің солистері, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі және «Гүлдер» ансамбльдері жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Сондай-ақ кештің көркін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Толқын Забирова мен Жұпар Ғабдуллина келтірді.
Мерекелік шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және бірқатар мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлері қатысты. Кештің басты қонағы мерейтой иесі Бибігүл Төлегенованың өзі болды.
Барлық әртістердің бірігіп орындаған «Мама» шығармасы концертті ерекше қорытындылады. Жүрек тебірентер осынау шығарма опера әншісінің шығармашылығындағы отбасы, махаббат пен адамгершілік сынды мәңгілік құндылықтардың жарқын символы іспеттес.
Бұл кеш Қазақстанның музыка өнерін дамытуға зор үлес қосқан көрнекті әншінің шығармашылығын тағы бір мәрте асқақтатқан айшықты мәдени оқиға болды.
Іс-шарада Бибігүл Төлегеноваға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан ықылас гүлі табыс етілді.
Айта кетейік, аты аңызға айналған әншінің мерейтойы аясында Қазақстан бойынша концерттер, көрмелер, музыкалық кештер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар секілді 150-ге жуық іс-шара өткізілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram