ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Тараздағы 5513 әскери бөлімінің саптық алаңында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген 2-2023 шақырылым сарбаздарын запасқа шығару салтанатты іс-шарасы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға әскери бөлімнің қолбасшылығы, мерзімді қызмет сарбаздары және құқық қорғау органдарының ардагерлері қатысты.
Салтанатты шараны 5513 әскери бөлімнің командирі полковник Ғазиз Кәдірбек ашып, сарбаздарға алғысын білдіріп, олардың елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтаудағы рөлін ерекше атап өтті. Сонымен бірге ұландықтардың ата-аналарына да ризашылығын білдірді.
- «Ел қорғау - ердің міндеті» дейді, Сіздер әскери борыштарыңызды өтей отырып, өздеріңізге жүктелген міндеттерді абыроймен атқардыңыздар. Алдағы үлкен өмір жолында сәттілік тілеймін. Әрқашан Отан қорғаушы деген мәртебелеріңізді биік ұстайтындарыңызға сенім білдіремін! - деді Ғазиз Оңласынұлы.
Жауынгерлік міндеттерін орындау барысында ерекше көзге түскен сарбаздарға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының, 5513 әскери бөлім командирі мен өзара іс-қимыл жасайтын орган басшыларының құқығымен алғыс хаттар, грамоталар, медальдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Әскери қызметшілердің ата-аналарына да алғыс хаттар жіберілді. Әскери бөлімнің 56 сарбазы жоғары оқу орнына ақысыз негізде түсу туралы сертификаттар алды.
- Құрметті командирлер! Сіздердің жетекшіліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Әрбір бұйрықтарыңыз бен ақыл-кеңестеріңіз бізге тек тәжірибе ғана емес, нағыз жауынгерлік рух сыйлады. Әскер қатарында жүріп, тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығын ұғындық, ал бұл қасиеттер сіздердің ұлағатты басшылығыңыздың нәтижесі, - деді қатардағы жауынгер Жақсылық Саян.
5513 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бауыржан Кансеитов жиын қонақтарына марапттау рәсімінің маңыздылығын жеткізді. Өз сөзінде, тәрбиеші офицер бұл шара арқылы сарбаздардың еңбегі мен ерлігі, жауапкершілігі ерекше атап өтілетінін, сондай-ақ бұл рәсім олардың туған-туыстарына, жақындарына, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету мақсатын көздейтінін түсіндіре кетті.
Айта кетсек, рәсімге Жамбыл облыстық әкімдігі Білім басқармасының бас маманы Ерік Ргебаев, Тараз қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігінің қамтамасыз ету тобының инспекторы полиция капитаны Қанат Мырзалиев, 5513 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Акайдар Дуйсембиев сынды мырзалар да қатысып, сарбаздарға ақжарма тілектерін білдірді.
Іс-шара соңы салтанатты саппен, әскери бөлім аумағында шеру жасаумен аяқталды. Әр сарбаз үшін бұл күн ерекше болғандықтан ұжымдық фотоға түсіп, қаруластарымен қоштасу рәсімі өткізілді.