2024 жылы Қазақстан ТЖМ қызметкерлері өздерінің жоғары кәсіби дайындығы мен адалдығын тағы бір мәрте растады. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға белсенді қатысқан және айрықша батылдық пен жанқиярлық танытқан құтқарушылар беделді наградаларға ие болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Елордада Аманат партиясы жанындағы «Рухтастар» жастар сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Үздіктердің қатарында Астана қаласы ТЖД 24-МӨСБ бөлімшесінің командирі Елдар Қанафиянов болды. Бұл номинация төтенше жағдайлардағы жанқиярлық пен батылдық үшін беріледі.
Елдар көптеген күрделі өрттерді сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қатысты. Ол 2022 жылы Қостанай облысындағы және 2023 жылы Абай облысындағы орман өрттерін сөндіруге барған елордалық өрт сөндірушілердің құрамында болды. Ал биыл Елдар елордалық құтқарушылар құрамында Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарындағы су тасқыны салдарын жоюға қатысты, онда адамдар мен жануарларды құтқарып, өңір тұрғындарын қоныстандыруға және олардың мүлкін қорғауға көмек көрсетті. Елдар Қанафиянов азаматтық қорғау жүйесіндегі қызметін 2018 жылдан бастап өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымынан бастады.
«Қазіргі уақытта құтқарушы мамандығына деген сұраныс өте жоғары. Құтқарушылар бірінші болып су тасқыны, өрт, табиғи апаттар мен жазатайым оқиғалар кезінде көмекке келеді. Мен құтқарушы мамандығын таңдағанымды мақтан тұтамын. Бұл жолы «Қайсар» номинациясының маған берілгеніне қуаныштымын», – деп Елдар Қанафиянов бөлісті.
Тараз қаласындағы №20 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Байдәулет Дүйсенов Жамбыл облысының әкімі ұйымдастырған «Әулиеата үздігі–2024» жастар сыйлығының лауреаты атанды. Марапаттау рәсімі облыстық оқушылар сарайында өтті. Бұл сыйлықты облыс әкімдігінің арнайы комиссиясы бергенін атап өткен жөн, осы комиссия әр түрлі саладағы қатысушыларды қоса алғанда, 11 түрлі мамандық бойынша лауреаттарды іріктейді.
Байдәулет М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының түлегі. Ол еңбек жолын 2022 жылы Қордай ауданы №15 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып бастап, кейін қызметін Тараз қаласының №20 өрт сөндіру бөлімінде жалғастырды. 2024 жылы Байдәулет су тасқыны кезінде Жамбыл облысынан Ақмола облысына жіберілген құтқару тобының қатарында болды. Байдәулеттің бастамасымен 10 тұрғын үйдің аумағындағы суды сору және адамдарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар алғыстарын білдірді.
Ақтөбе қалалық мәдениет үйінде «Жыл үздігі–2024» салтанатты іс-шарасы өтті. Ақтөбе қаласы ТЖ басқармасы бастығының орынбасары Данарбек Иманғазин қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Жыл үздігі» номинациясына ие болды.
Батырлығы мен кәсібилігі лайықты болған ведомствоның үздік жас қызметкерлері дипломдармен және ақшалай сертификаттармен наградталды. Бұл наградалар - олардың жетістіктерін мойындау ғана емес, сонымен қатар азаматтардың қауіпсіздігін сақтайтын болашақ құтқарушыларды да шабыттандырады.