Алматының экономикалық өсуі: тұрақтылық пен прогресс

2761
Фотосурет: Gov

Алматы қаласы Қазақстанның экономикалық орталығы ретінде биыл өз әлеуетін нығайтып, экономиканың өсу қарқыны, кәсіпкерлікті дамыту және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағыттарында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Мегаполистің  стратегиялық жоспарлары аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар мен шаралар шаһардың  негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруына ықпал етті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Тұрақты экономикалық өсім. Алматы Қазақстанның жетекші экономикалық өңірлерінің бірі мәртебесін сақтап келеді. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша экономикалық дамудың жоғары қарқыны 9,7% деңгейінде сақталып отыр. қаланың экономикалық өсу қарқыны 6,6%-ды  құрады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматы экономикасының өсуі болжамды 5,5% деңгейінде, ал, 2025 жылы бұл өсім 6,4%-ға дейін жетеді деген болжам бар. Мұның бәрі  басым салаларды қолдау бағдарламаларын сәтті іске асырудың және шағын және орта бизнестің (ШОБ) айтарлықтай үлесінің нәтижесі.

Шағын және орта бизнес  Алматы экономикасында маңызды рөл атқарады. 2024 жылы кәсіпкерлікпен айнасқандар саны 942 мың адамға жетті. Яғни, жұмыс орындарын құрудағы үлес - 80%-ды  құрады. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында 1,8 мың жобаға 53,1 миллиард теңге бөлінген, ал 2025 жылға 71 млрд теңге жоспарланған, бұл шағын және орта бизнестің тағы 2 мың жаңа жобасын қолдауға мүмкіндік бермек. Басты басымдық – шағын және орта бизнестің қала экономикасына қосқан үлесін 2024 жылғы 60%-дан  2030 жылға қарай 75%-ға дейін арттыру. Соның нәтижесінде сауда, қызмет көрсету, өндіріс және IT технологиялар салаларында жүздеген жаңа бизнес жобалар жүзеге асырылған.

Инвестициялық әлеует. Алматының инвестициялық  тартымдылығы биыл  арта түсті.  2024 жылғы 11 айда Алматыға негізгі капиталға 1,5 трлн теңге инвестиция тартылды. Жалпы қала экономикасына биыл  2 трлн теңге құйылса, 2025 жылы 2,3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Негізгі инвестициялар құрылыс, көлік инфрақұрылымы, білім, медицина, цифрландыру және «жасыл» технологиялар сияқты салаларға бағытталған. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және халықаралық экономикалық форумдарға белсенді қатысу арқылы Алматы қаласы бизнес жүргізу және инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін тартымды өңір ретінде өз позициясын нығайтты.

Алматылықтардың әл-ауқатын арттыру. Қаланың экономикалық өсуі алматылықтардың әл-ауқатына тікелей әсер етті. Қазіргі инфляцияны ескере отырып, Алматыда орташа айлық жалақы нақты мәнде 6,1%-ға өсіп, 470 мың теңгеге жетті. Бұл IT, қаржы және қызмет көрсету сияқты жоғары жалақы төленетін салалардың қарқынды дамуымен байланысты.Жылдық инфляция 2024 жылдың соңына дейін 8,5%-ға дейін, ал  2025 жылы 7,5%-ға дейін баяулайтыны  болжанып отыр.

Тұрғындар табысының артуы тұтынушылық белсенділіктің өсуіне де ықпал етті. Қалада бөлшек сауда көлемінің ұлғаюы, жаңа сауда-ойын-сауық орталықтарының дамуы және жоғары сапалы білім беру мен медициналық қызметтерге сұраныстың артуы байқалады. Биыл желтоқсанның басында Алматы қаласының мәслихатына 2025-2027 жылдарға арналған бюджет енгізілді. Ел тарихында алғаш рет 2025 жылға арналған қалалық бюджет
2,2 трлн теңгеден асты. Бұл 2022 жылдың басымен салыстырғанда 2 есе жоғары. 2023 жылдың басынан бастап Алматы қаласының әкімдігі ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін жобалық құжаттарды дайындау бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде 2025 жылы даму бюджеті 2022 жылмен салыстырғанда 2,2 есе өсіп, 458 млрд теңгеге жетті.

Жұмыс орындарын құру және жұмыссыздықты төмендету. Алматының дамуының басым бағыттарының бірі – халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу. Биыл жыл басынан бастап 68 мың жұмыс орны құрылды, олардың 82%-ы тұрақты жұмыс орны. Соның нәтижесінде, Алматыда жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеген. Әлеуметтік бағдарламаларды енгізу және мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қаладағы жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеді. Әсіресе жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Жастар үшін арнайы тағылымдамалар мен гранттық бағдарламалар іске қосылды, яғни бұл мыңнан астам түлектің оқуын аяқтағаннан кейінгі бірінші жылы жұмысқа орналасуына мүмкіндік берді.

Тұтастай алғанда, Алматы тұрақтылығы мен әлеуеті жағынан Орталық Азияның жетекші экономикалық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуды жалғастыруда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -