Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Алматы облысына жұмыс сапары барысында ведомствоның аумақтық бөлімшелері, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы басшыларының қатысуымен өңірлік алқа өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алқаның күн тәртібінде ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы проблемалық мәселелер, соның ішінде кадрлардың біліктілік деңгейі, ауыр акушерлік асқынуларды уақтылы диагностикаламау және медициналық көмек көрсетудің басқа да аспектілері талқыланды.
Бейінді институттардың үйлестіруші рөліне ерекше назар аударылды, жүкті, босанатын, босанған әйелдерге медициналық көмек көрсетуді жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар тыңдалды.
Сондай-ақ, алқаның барысында медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығы, кадрлармен қамтамасыз ету, вакцинамен басқарылатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету, халықтың өтініштері бойынша кері байланыс мәселелері көтерілді.
Ведомство басшысы медициналық жоғары оқу орындарында білім беру сапасын арттыру және кадр тапшылығын шешу үшін жаңа бастамалар туралы айтып берді. Ол түлектерді бөлуде жергілікті атқарушы органдардың қажеттіліктері мен кадр ресурстарының болжамдары ескерілетінін, резидентураның бүкіл процесін үйлестіру үшін цифрлық платформа құрылатынын атап өтті.
А. Әлназарованың айтуынша, 2025 жылғы жоспарда соңғы нәтиженің қол жеткізілген индикаторларының негізінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған ЖБЫН ұлғайту қарастырылуда, бұл диспансерлік байқаудың сапасын, скринингтер, балалар мен жүкті әйелдерді патронаждау кезінде анықталуын арттыруға бағытталған.
Министр медициналық және медициналық емес персоналдың қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй несиелерін қоса алғанда, медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге ерекше назар аударды.
Сапар барысында ведомство басшысы Қонаев қаласының көпбейінді қалалық ауруханасының жұмысымен танысты.
Бұдан әрі Денсаулық сақтау министрі халықпен және азаматтық сектор белсенділерімен кездесулер өткізді, азаматтарды жеке өтініштерімен қабылдады және брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.