«Тәуелсіз елдің қырандары» байқауын ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі ұйымдастырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Еуразия гуманитарлық институты Жоғары колледжінің, Астана қаласы техникалық колледжінің, «Шипагер» медициналық колледжінің, Astana IT University колледжінің, Құрылыс-техникалық колледжінің, «Астана» Халықаралық университеті Педагогикалық колледжінің студенттері қатысты.
Әскери-патриоттық конкурсқа елорда колледждерінің алғашқы әскери даярлық студенттері мен оқытушылары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – тарихи мұраны және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу, қаза тапқан жауынгерлерді есте сақтау, Отан қорғаушылар мен ардагерлерге құрмет көрсету, – деп атап өтті Ұлттық әскери-патриоттық орталық бастығының орынбасары Әскери-тарихи музейдің бастығы майор Дәулет Қадыров
Ойын бес турдан тұрды. Қазылар алқасы олардың сыртқы келбетін, сәлемдесуін және марш жасаудағы қабілетін ескерді. Оған қоса АК-74 автоматын толық бөлшектеп, құрастыру, газ тұмылдырықты кию жылдамдығы бағаланды. «Мен – Отан қорғаушымын» викторинасы барысында байқауға қатысушылар Қазақстан мен Қарулы Күштердің әскери тарихынан білімдерін көрсетті.
Қазылар алқасы студенттердің техникалық дағдылары мен тарих туралы білімдерін ғана емес, сонымен қатар олардың әскери тақырыптағы музыкалық нөмірлерді орындаудағы актерлік шеберліктерін де бағалады.
«Астана» Халықаралық университеті Педагогикалық колледжінің командасы Әскери-тарихи музей кубогының иегері атанды. Екінші орынды Astana IT University колледжінің студенттері еншіледі, үшінші орынды Құрылыс-техникалық және «Шипагер» медициналық колледждерінің командалары өзара бөлісті.
Шара соңы Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.