Үкіметте ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Елдегі жағдай туралы ішкі істер министрі Ержан Сәденов, көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасап, бірқатар өңір әкімдері тыңдалды.
Көлік тәртібін қамтамасыз ету мақсатында цифрлық шешімдерді енгізу жалғасуда. Қалаларда жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 25 мың автоматты камера орнатылған. Патрульдік көліктер радарлармен жабдықталған. «Жасырын» патрульдеу жүргізілуде. Мемлекет басшысы Мопедтерге қойылатын талаптарды күшейту туралы заңға қол қойды. Көліктің бұл түрін тіркеу 2025 жылдың қаңтарында басталады. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов еліміздің автокөлік паркінің өсуіне ерекше назар аударды. 5 жыл ішінде ол 34%-ға немесе 1,4 млн автокөлікке ұлғайған.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы көлік министрі Марат Қарабаев баяндады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жөндеуден өткен 12 мың шақырым жолдың 7 мың шақырымында жұмыстар толық көлемде аяқталды. Алматы – Қарағанды, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және Мерке – Бурылбайтал сияқты маңызды күре жолдар іске қосылды. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған жол оқиғаларын жою мақсатында қалалар мен елді мекендердің 65 айналма жолы және 34 жер үсті өткелі салынды. жайылып жүрген малдың жол бойына шығып кетпеуі үшін 2 мың шақырым жол жиегіне қоршау тұрғызылып,, жол бойында мал айдап өту үшін 383 арнайы орындар салынды. Апатты аймақтарда 5 мың шаршы метрден астам жерге арнайы шу жолақтары, 450 жарықдиодты жол белгілері және 1,5 мың жол буфері орнатылды. Марат Қарабаев Премьер-министрге 2025 жылдың басынан интернет-платформаларды пайдаланатын жеке тасымалдаушылар үшін жаңа талаптардың күшіне енуі туралы айтты. Өзгерістерге сәйкес, такси қызметін ұсынатын тұлғалар күнделікті сапары алдында және кейін медициналық тексеруден, автокөлікті техникалық байқаудан өтуге міндетті болады.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Жолдауында жолдардағы апаттар деңгейіне ерекше тоқталғанын баса айтты. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша шараларды жеткіліксіз дәрежеде қабылдап жатқан өңірлер атап өтілді. Мәселен, Жамбыл, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында «Бейнебақылау жүйелерімен жаппай қамту» жобасы толық жүзеге асырылмай отыр. Сонымен қатар «Vision Zero» бағдарламасы тек Алматы мен Павлодарда ғана дамуда. Сондай-ақ қала сыртындағы автожолдарды мобилді байланыспен қамту қарқынын арттыру бойынша тапсырмалар орындалмаған. Премьер-министр жол қозғалысына қатысушылардың масаң күйде туындаған құқық бұзушылықтардың алдын алу тәсілдерін қайта қарауды қоса алғанда, осы бағыттағы жұмысты жандандыру міндетін қойды.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында жолдарда орын алатын апаттар деңгейіне ерекше назар аударды. Жол қозғалысын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдаттық. Дегенмен, мас және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілердің саны күрт азаймай отыр. Жыл басынан бері 11,5 млн-ға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолы кесілді. 22 мыңнан астам "мас" жүргізуші ұсталды. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай тәртіп бұзушыларға қатаң шаралар қолдану керек. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу тәсілдерін қайта қарау қажет» Олжас Бектенов
Отырыс қорытындысы бойынша салалық ведомстволарға бірқатар тапсырма берілді:
- жүргізушілердің телефон арқылы сөйлесулерін, қауіпсіздік белдіктерін ағытпауды, жаяу жүргіншілердің өткізбеуді қоса алғанда бұзушылықтарды тіркеу камераларының функционалдығы мен жұмыс қабілетін кеңейту; көлік тоқтауға болмайтын орындарда тұрақ жасау, автобус жүруге арналған жолақта жеңіл көліктердің қозғалысы, жылжымалы жасырын бақылау камералары желісін ұлғайту;
- ішкі істер, Көлік министрліктеріне автокөліктерді техникалық байқаудан өткізу жүйесін қайта қарау;
- өңір әкімдіктеріне бағдаршам реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерінің санын көбейту, қоршаулар мен жарықтандыру орнату, қауіпсіз жол инфрақұрылымын құру жөнінде қосымша шаралар қабылдау;
- ішкі істер, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне, әкімдіктерге жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.