Балалар мен жасөспірімдердің демалысы 2030 жылға дейін жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі бірлескен жоспарды қабылдаған Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктері арасындағы келісім бойынша ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жаңа жыл қарсаңында биылғы жылдың соңғы ауысымында Қонаев қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында және оның Түркістан, Щучинск, Балқаш қалаларындағы филиалдарында демалған балалар үйлеріне қайтты.
16 маусымның жабылуы салтанатты жағдайда өтті. Балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтауға және «Балдәурен» орталығының мамандарына алғыс айту үшін Қонаев қаласына Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов, Балқаш қаласына Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасы штабының бастығы авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов, Щучинск қаласына Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары полковник Арынғали Ақышев, Түркістан қаласына «Оңтүстік» ӨңҚ әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Нұржан Өмірзақов келді.
Қарулы күштер қолбасшылығының өкілдері орталықтың басшылығы мен қызметкерлеріне әскери қызметшілердің балаларын сауықтыру мен тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін ризашылықтарын білдірді.
Қорғаныс ведомствосының әлеуметтік бағдарламаларын орындау, өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу тұрғысынан бұл жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өткен олар Қорғаныс министрлігі басшылығының атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Естеріңізге сала кетейік, «Балдәурен» орталығы мен филиалдарында 11 жастан 15 жасқа дейінгі дарынды тәрбиеленушілермен, экологиялық қолайсыз өңірлерден, шалғайдағы гарнизондардан, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жүргізілуде.
16 ауысымда мекемелерге мыңнан астам оқушы келді. Олар үшін мектеп бағдарламасы бойынша оқу сабақтары, сауықтыру рәсімдері және әскери бөлімдерді аралай отырып, әскери-патриоттық тақырып бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл ретте әскери-патриоттық ойындарды, конкурстар мен экскурсияларды қоса алғанда, белсенді демалысқа баса назар аударылды.
Әр ауысымның тақырыптық бағыты болды. Оның ішінде экологиялық, зияткерлік, әскери-патриоттық және т.б. бар. Ведомстволардың әскери қызметшілердің балаларына квота бөлу туралы уағдаластығы келесі жылы да күшінде болады. Оқушылардың алғашқы ауысымы қаңтар айында басталады.