Теміртауда "Еңбек адамы – 2024" байқауының қорытындысы шықты. Оған жұмысшы мамандық өкілдері қатысты. Арасында электриктер, құрылысшылар, автомеханиктер бар. Бес номинация бойынша жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ең басты номинация – "Мамандыққа адалдық". Бұл мараптты ардагер-металлург Юрий Ивашин иеленді. Ол адал еңбегі мен қоғамға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Юрий Ивашин көп жылдар металлургия зауытында жұмыс істеген. Механикалық цех бастығының СББ станоктары мен робототехника жөніндегі орынбасары болды. Студенттерге техникалық пәндерден сабақ берді. Ардагердің ынта-жігерінің арқасында Теміртауда техникалық кітапхана жандануда. Оның қорына ол 40 жылдан астам жинаған жеке кітаптарын сыйға тартты.
"Үздік жас маман" номинациясына "Вольво" автоорталығының автомеханигі Нұрдәулет Машбаев ие болды. Ол заманауи техникамен жұмыс жасау шеберлігі үшін марапатталды.
Qarmet АҚ бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика саласындағы маманы Бекжан Алдабергенов Үздік шебер деп танылды.
"Новатор" номинациясы "Семсер" өрт сөндіру қызметінің нұсқаушысы Құмарбек Қуанышқа берілді.
"Халық таңдауы" номинациясы бойынша марапат құрылыс мамандығының өкілі Күләнда Анзабековаға бұйырды. Ол әрлеу маманы болып жұмыс істейді. Жұмыс сапасы үшін клиенттердің мақтауына ие болды.
Айта кетейік, байқау Мемлекет басшысы жариялаған жұмысшы мамандықтар жылы қарсаңында өтті. Бастама еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған.