«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5514 әскери бөлімінде сарбаздардың Жаңа жылдық кеші өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жаңа жыл қарсаңында жауынгерлер сахнаға көтеріліп, өз өнерлерін ортаға салды. Олардың бірі ән салып, би билесе, енді бірі қаруластарын қағытпа қалжыңмен күлдіре білді. Ал кешкілік мерекелік дастархан басына жиналып, 2025 жылды бірге қарсы алды. Бір-бірлеріне ақжарма тілектерін айтып, бауырмалдылықтарын байқатты.
Дегенмен қызықты кешке сарбаздардың бәрі бірдей қатыса алмады. Өйткені Ұлттық ұлан жауынгерлеріне жүктелген үлкен жауапкершілік бар. Бұл, әсіресе, кезекшілік бойынша қарауыл қызметіне түсетін сарбаздар мен келісім шарт бойынша қызметкерлерге және офицерлерге қатысты. Олар мереке күндері әскери бөлімнің ішкі қарауыл қызметін атқару және түзеу мекемесін күзету бойынша жауынгерлік тапсырмаларды орындады.
Маңызды міндет атқарып жүрген мерзімді әскери қызметшілерді 5514 әскери бөлімінің командирі полковник Әмір Мансұров арнайы барып құттықтады.
Мереке күндері міз бақпай, міндеттеріңе жауапкершілікпен қарағандарың үшін сендерге мың алғыс. Сендерді әскери бөлімнің жеке құрамы атынан Жаңа жылдарыңмен құттықтаймын. Жаңа жылда жаңа табыс тілеймін. Қызметтеріңді адал атқарып, 2025 жылы өз үйлеріңе аман-есен қайтуларыңа тілекшімін Полковник Әмір Мансұров
Әскери бөлім командирі бекетте тұрған жауынгерлердің әрқайсысына барып, бәрін де ыстық ықыласпен құттықтады. Сондай-ақ олардың жай-күйін сұрап, қызметтеріне табыс тіледі.