Ағымдағы жылдың 3 қаңтарында Петропавл қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін ұландықтар қырағылық танытты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Аталмыш оқиға ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығының 6637 әскери бөлімінің әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Аян Кулаков, сондай-ақ патрульдеуші қатардағы жауынгерлер Тимур Жайылықов пен Ильхам Мәметовтың патрульдеу бағытында болды.
Сағат 20:40 шамасында әскери қызметшілер қала көшелерінің бірінде екі кішкентай қызды байқады. Ұландықтар оларға жақындап, кешкі уақытта неге жалғыз жүргендерін сұрады. Қыздар адасып қалғанын және ата-аналарын таппай жатқанын айтты.
Уақыт жоғалтпай, әскери қызметшілер оқиға туралы әскери жасақ бойынша кезекшіге баяндап, іздеуге кірісті. 20 минуттан кейін олар балалардың ата-аналарын тауып, қыздарымен қауыштырды.
Бұл біздің күнделікті қызметіміз. Біздің мақсатымыз-адамдарға көмектесу, бұл жолы біз кішкентай қыздарға қысқа мерзімде көмектесу үшін бәрін жасадық, Деп атап өтті әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Аян Кулаков
Балалардың ата-аналары жедел көрсеткен көмегі үшін ұландықтарға шын жүректен алғыстарын білдірді.