Алматы облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алматы облысында 2024 жылы жалпы алаңы 422,0 мың гектарды құрайтын 1462 ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жер учаскелері анықталды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің тапсырмасы бойынша 2024 жылдың соңына дейін жалпы алаңы 70 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болатын.
Осы мақсатта, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 89,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоспар 128,0 пайызға орындалды. Оның ішінде 74,8 мың гектар жерді меншік иелері өз еркімен бергені олардың заң талаптарын сақтауға жауапкершілігінің артқанын көрсетеді. 14,9 мың гектар жер сот арқылы тәркіленді. Сарапшылар атап өткендей, бұл Алматы облысының жер ресурстарын басқару басқармасымен бірлескен жұмыстың нәтижесі.
Алматы облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахманов бұл жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті:
«Әрбір сотық жерді тиімді пайдалану – облыстың, жалпы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлесі. Әр гектар қоғамымызға пайдасын тигізу үшін пайдаланылмай жатқан учаскелерді қайтару жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырамыз»
Қол жеткен нәтижелерге қарамастан, алда әлі де жұмыс көп. Облыс басшылығы қараусыз қалған жерлерді анықтау, заң бұзушылықтардың алдын алу және жердің экологиялық жағдайын жақсарту шараларын күшейтуді жоспарлап отыр.
Облыстық басқарма өкілдерінің айтуынша, жерді тиімді пайдалану тек мемлекеттік органдар мен жер иелерінің тығыз байланыста қызмет атқарса ғана мүмкін болады. Сондықтан облыста заңнаманы жетілдіру және жаңа бастамаларды енгізу жұмыстары жалғасады. Еске салайық, ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тарту, табиғи ресурстарды қорғау және еліміздің экономикалық дамуына үлес қосу басты міндет болып қала береді.