Қарағанды облысында жұмысшы мамандықтар жылы аясында 100-ден астам іс-шара жоспарланған. Олар жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға, оларды жастар арасында танымал етуге, кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға бағытталған. Колледждерде өзгерістер болады. Көрмелер, конкурстар, форумдар және тағы басқа да шаралар жоспарлануда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл туралы аппараттық кеңесте толығырақ айтылды.
– Мемлекет басшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Міндет – еңбек беделін арттыру және еңбек – қоғамда лайықты жалақы мен құрметке ие екенін әрбір адам білуі қажет. Біздің облыста тиісті жоспар әзірленді, оған жұмыс берушілер, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы белсенді өзара іс-қимылға ықпал ететін 100-ден астам іс-шаралар кірді, – деді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыста 52 колледж 126 мамандық бойынша жұмысшы кадрларды даярлайды. Онда 33 мыңнан астам студент оқиды. Мемлекеттік тапсырыс үнемі өсіп келеді. Дуальды оқыту дамуда. Колледждерді сегіз басым бағыт бойынша кластерлеу жүргізілуде: білім беру, құрылыс, көлік, энергетика, IT және байланыс, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы. Әр сала бойынша тірек колледжі анықталды.
Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова биыл кәсіпорындардың көмегімен колледждерде екі заманауи құзыреттілік орталығы мен озық жабдықтармен жабдықталған 10 шеберхана құрылатынын айтты. Балқашта өңірлік сұранысқа сәйкес су шаруашылығы, туризм бойынша шеберханалар мен зертханалар ашу жоспарлануда.
Халықаралық әріптестік дамитын болады. Қарағанды мен Теміртауда екі жоғары политехникалық колледж халықаралық аккредиттеуден өтуі тиіс.
Колледждерде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтардың ашылуы жалғасады. Сондай-ақ, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға бағытталған жобалар қарастырылған.
Кәсіптік бағдар беру жұмыстары да басты назарда. Бүгінде облыс мектептерінде медицина, агро, ІТ, сервис және т. б. бағыттар бойынша бейіндік сыныптар жұмыс істейді.
Биыл облыста жұмысшы кәсіптерінің жетістіктері көрмесі, жас қызметкерлер мен жұмыс берушілердің форумдары жоспарланған.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова электрондық еңбек биржасында жаңа мүмкіндіктер туралы айтып берді. Ол барлық мемлекеттік қызметтер бір платформада шоғырланған "цифрлық супермаркетті" жоьасын ұсынды. Сондай-ақ, жұмысқа орналасуға көмектесу үшін "Мансап компастары" жаңа платформасы іске қосылды.
Басқарма басшысының ақпараты бойынша, Қарағанды облысында биыл қысқа мерзімді курстарда 3395 адамды жаңа мамандықтарға оқыту жоспарлануда. Оның ішінде жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жұмыс орнында да оқыту жүргізіледі.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа орналастыруға көмектесу үшін Jumys Tap жобасы жалғасады. Биыл зейнеткерлерді жұмысқа орналастыруды қолдауға бағытталған "Алтын жас" бағдарламасы да басталады.
Ермағанбет Бөлекпаев жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөнінде тапсырма берді. Алдағы уақытта облыстық жоспарды өзектендіру және кеңейту қажет, деп атап өтті ол. Кадрларды даярлауды жетілдіруге, жұмыс берушілердің осы бағытқа қатысуына баса назар аудару қажет.