7 қаңтардан 8 қаңтарға қараған түні қалаға қар жауып, түске дейін жалғасты. Қардың қалыңдығы сағат 12:00-де 15 сантиметрге, ал таулы аймақтарда 20-30 сантиметрге жетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановтың айтуынша, коммуналдық қызмет көшелерді, жолдарды және тротуарларды күреуге жедел кірісіп, қар шығару жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде:
- 8 қаңтар сағат 00:00-ден 11:00-ге дейін қалада шамамен 15 сантиметр қар жауды. Сағат 1:00-де жолдарды көктайғаққа қарсы қоспалар себу басталды. 4:30-дан бастап қарды жол жиегіне ысыру жұмыстары жүргізілді. Одан кейін қар үйінділерін қалыптастыру, қарды жкү көліктеріне тиеу және оны арнайы полигондарға шығару жұмыстары жүргізіледі.
Бұл жұмыс алдымен орталық және магистральді көшелерде жүргізіледі, себебі тұрғындардың негізгі бөлігі осы жолдармен жүреді. Одан кейін аудандық деңгейдегі жолдарға көшеміз, бұл жұмысты мүмкіндігінше тезірек аяқтауға тырысамыз.
Жалпы қабылданған нормаға сәйкес магистральді көшелер 3 күнге дейін, аудандық маңызы бар көшелер 7 күнге дейін тазаланады. Бірақ әдетте бұл жұмысты ертерек аяқтауға тырысамыз.
Күндізгі уақытта 500-ге жуық арнайы қар тазалау техникасы және 1100-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Түнгі уақытта да шамамен осындай көлемде техника мен жұмысшылар жұмысқа шығады. Негізінен біз қарды көлік аз кезде түнде тазалауға тырысамыз.
Қалада жолдарды қардан тазалайтын техника белсенді түрде жаңартылуда. Соңғы 2 жылда шамамен 140 жаңа заманауи техника сатып алдық. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Біз жылдамдықты арттыратын және қол еңбегін тиімді алмастыратын жаңа техникаларды сатып аламыз. Осы арқылы қар шығару жұмысының сапасын жақсартамыз.
Былтыр қалада көріктендіру ережелері қабылданды. Соған сәйкес, көріктендіру төлқұжаттары енгізілді. Енді сауда нысандары мен мекемелер өздерінің аумағын таза ұстауға, соның ішінде қарды күреуге міндетті. Сондықтан сауда нысандарын қала тазалығына белсенді қатысуға шақырамыз.
Қарды тазалауға белгілі бір уақыт қажет екенін ескере отырып, тұрғындардан уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұраймыз. Сонымен қатар, қар тазаланғанша көлікті жол жиегіне қоймауға шақырамыз.