Елордада жедел құрама 700-ге жуық жас сарбазбен толықты

2090
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде жас жауынгерлер Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Әскери ант - бұл әскери қызметшінің Қарулы Күштер қатарына қосылу кезінде беретін салтанатты анты. Бұл жай ғана рәсім емес, Отанға адалдық, оның егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауға дайын болу туралы саналы уәде.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген тепсе темір үзер жігіттер бір ай арнайы дайындықтан өткен. Енді олар бас қаламыздың тыныштығы мен көше тәртібін қамтамасыз етуге атсалысады. Ұлттық ұлан қатарында борышын өтеуге келген жас жауынгерлерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов құттықтап, қадамдарына сәттілік тіледі. Ал құрама командирі генерал-майор Аян Есжанов  жаңадан келген сарбаздардың қызметтеріне бағыт-бағдар берді.

Бүгін сіздер әскери ант қабылдай отырып, Отан алдында, ата-аналарыңның алдында әскери қызметтеріңді адал атқаруға сөз бердіңдер. Осы ерекше оқиғамен сіздерді құттықтаймын! Енді сіздер әскери бөлімге жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды орындауға кірісесіздер. Ұлттық ұлан сапында қызмет ету кей жағдайда қиын болуы мүмкін, алайда командирлеріңіздің үйретуімен және жыл бойы жүргізілетін оқу мен тәжірибелерді меңгеру арқылы мұны еңсеруге болады» Генерал-майор Қайрат Үмбетов

Іс-шара барысында алыс-жақыннан келген ата-ана, туған-туыстарына сарбаздар өздерінің оқу пунктінде бір ай бойы үйренген дағдыларын көрсетті. Қонақтар назарына Құрмет қарауыл ротасының сарбаздары карабинмен дефиле ұсынса, енді бір топ қоян-қолтық ұрыс шеберліктерін паш еті.

Ант қабылдамас бұрын еліміздің жауынгерлер арнайы оқу пунктінде әскери өмірге бейімделіп, ішкі тәртіппен танысты. Сондай-ақ мемлекеттік-құқықтық, саптық дайындық, жалпыәскери жарғы, күн тәртібін жаттап, білімдерін жетілдірді. Сонымен қатар жауынгерлік қызметке түсу дағдыларын, ату тәсілдерін, әскери техникалар мен қару түрлерін меңгерді. Павлодар қаласынан әскер қатарына шақырылған Сағидолла Батырхан әскери борышын елордалық бригада қатарында өтейтіндігін мақтан тұтатынын айтты.

– Әскерге өз қалауыммен келдім. Әрбір ер жігіт өз Отанын қорғай алатындай азамат болу керек. Әскердегі темірдей тәртіпке бағына отырып, өмірде игілігін берер көптеген дағдыларды үйренеміз. Бастысы еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қоса алатындығымыз, – дейді ол.

Әр ата-ана үшін баласы қашанда қымбат. Осындай маңызды күні балаларын сағынып, қолдауға жан-жақтан мыңдаған ата-ана, туған-туыс келді.

Ал Батыс Қазақстан облысынан шақырылған қатардағы Сұлтан Ескендіровтің әкесі Алмабек Қазиханов әскери қызмет өткеру кезеңінде ұлына қолдау көрсеткені, тәрбиелегені және оған көңіл бөлгені үшін әскери бөлім қолбасшылығына алғысын білдіріп, әрбір әскери қызметшіге көрсетілетін тәртіп пен қамқорлықтың жоғары деңгейін атап өтті.

Шара шымылдығы әдеттегідей салтанатты шеруімен жабылды. Сапта тұрған жас сарбаздар енді аға буынмен бірге қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -